– Әкем малшы болған, бала кезімнен оған көмектесіп, көктемде жайлауға шығып, қыс түсе қар тізеден асқанда қыстауға келіп жүрдік. Ауыр жұмыстың кесірінен әкемнің денсаулығы нашарлап, төсек тартып жатып қалды. Мал шаруашылығы өз мойнымда болды.

90 жылдары ауыл тарай бастады. Күн көру қиындай түсті. Осылай жұмыс іздеп 2000 жылы Астанаға келдім.

Бір-екі жыл құлбазарда жүрдім, көрмегенім жоқ. Алғашқы жылдары 300-400 мың теңгеге дейін еңбекақымды ала алмай алдандым да, – дейді Темірбек ата.

Сүйенерім – кемпірім

Бүгінде Астананың ескі базар маңында кемпірі екеуі қуықтай бөлмені жалдап тұрады.
– Зайыбым Әуезова Жанат, жасы 51-де. Отасқанымызға 34 жыл болды. 17 жасында алып қашқанмын, балаларым өздерімен өздері боп кетті, қазір кемпірімнен басқа ешкімім жоқ, сүйінішім де, сүйенерім де жалғыз өзі. Сүйемін оны...

Темірбек ағаның сезімі жоқшылықпен сыналған / Фото informburo.kz

Ол да – үшінші топ мүгедегі. Инсульт алған, жүріп-тұруы қиын. Оған да өзім бас-көз болып отырамын.
Жанат апа екі жарым жыл екінші топ мүгедегі болған екен. "Балдақпен жүре аласыз, қасыңызда шалыңыз бар" деп былтыр үшінші топқа түсіріп тастапты.

Зайыбы екі күннің бірінде аурудан басын көтере алмай жатады / Фото informburo.kz

Ол да мені аяйды, қараймын деп жұмысымнан да қалып жатамын. Кейде мені алаңдамасын, тиын-тебенін тапсын деп, маған айтпай, өздігінен ауруханаға кетіп қалады. Сосын жүре алмай жол ортасында қалып, хабарласып жатады, жұмысымды тастап жүгіремін.
– Бір күні түнде мені мызғып алсын десе керек, дәретханаға өзі жалғыз шығып келмекші болғанда сыртта құлап қалыпты. Ояна келсем қасымда кемпірім жоқ, далаға шықсам, аунап тұра алмай жатыр, сөйтіп зәремді ұшырған, – дейді ата.

Мен қалай мүгедек болдым

Темірбек ата – үшінші топ мүгедегі болған соң, қағаз жүзінде жұмысқа жарамды деп саналған. Іс жүзінде олай емес.
2011 жылы көктайғақта су алуға барған ыдысымен құлап, жамбасы жаншылған. Жедел жәрдем "Травмотология" орталығына апарады. Олар еті ауырсынған деп шығарып салған.
– Содан кейін төрт жыл қиналдым. Сүйектерім сырқырағанда жанымды қояр жер таппай, қиналдым. Тек 2015 жылы квотамен ота жасап, жамбасым мен ортан жілігіме протез қойды. 15 жыл тұрады деді, бірақ абай болу керек, одан бұрын зақым келсе, өз ақшама жасатам ғой. Оның бағасы да удай қымбат – үш миллион.

Құлағым да дұрыс естімейді

Естігіш құралдың батарейкасының бағасы да удай. Бір қорапта 60 дана, бағасы бұрын 20 мың еді, қазір 30 мыңға көтеріліпті, бір батарейкасы бес-ақ күнге жетеді, сонда бір қорабы бір жылға да жетпейді.

Естігіш аппараттың батарейкасын алу уайымға айналған / Фото informburo.kz

– Бұл аппаратты 4 жылда бір рет береді, сол кезде бір қорабы тегін келеді, кейін жыл сайын сатып аласың. Енді екі жыл қалды... Аппаратты сындырып алсаң, өзің сатып аласың, оны жағдай көтермейді.

Демікпе тағы бар

Астанада пәтерден пәтерге көшіп жүріп демікпеге шалындым. Сыз өтті ме, білмеймін. Ыстықта не ауа ылғал болғанда, астма қоза береді. Дәрінің күшімен отырмын.
Құрылыста жүріп көзден айырылдым, қиыршық тас тиіп. Сосын маған өмірлік үшінші топ мүгедектігін берді. Жамбас протез, құлақ естімейді, демікпем тағы бар – осының бәрін ескере келе екінші группаға көтереді ме деп үміттеніп едім, болмады.

Жақсы адамдар жоқ емес

Отадан кейін балдақпен жүрдім, табыс табуға мүмкіндігім болмады. Сол кезде бір інім, ауылдас жігіт, пәтерақымды төлеп берді. Осы қазір күнімді көріп жүрген арбаны да сол жігіт жасап берді. Бұрынғы арбам нашар еді, екі-үш бумадан салып, таситынмын. Сөйтіп жүргенде қораптарымды ұрлап кеткен де кездер болған. Күзде аяғым тоңып, жиған-тергенім аяқ киімге жетпей жүр еді, сол ауылдасым етік алып берді, қазір де көмектесіп тұрады.

Қағаз қорап сатуда да бәсеке бар

Темірбек ата қағаз қорап сатып, нәпақасын айырып отыр. Ол жерде де бәсеке бар. Өзінен басқа үш адам осылай ақша табады. Ашық бәсеке, базар маңына барып тұрамыз, кімнен алғысы келсе өздері біледі.

Саудасы өтпесе еңсесі түсіп, арбасын тауарымен сүйреп келеді / Фото informburo.kz

– Алғашында осылай қорап сатып жүргендерді көретінмін. Жұмыс таппай қиналған кезде, мен неге осылай байқап көрмеймін деп, бастап кеттім.
Бәсекелестерімнің дендері сау, жастар. Оңтүстіктің пысық жігіттері, күніне 5-6 бума сатады. Менікі бір-екі бума ғана, ары кетсе мың теңге табамын, соған да шүкір... Олар болмағанда естігіш құралымның батарейкасына ақшаны өзім-ақ жинап алушы едім, – деп күледі ата.

– Тамақ сататын саудагерлерде қорап күнде босайды. Бір-біреуін 200 теңгеден сатып аламын. Сататын адам көп, бірінен кейін бірі хабарласып жатады. Соны апарып ет сатушыларға 500-600 теңгеден өткіземін. Кейде бәсекелестерім алдында бағасын түсіріп жіберемін, бәріміздің көздегеніміз бес тиын пайда ғой. Үйге құр қол келуден ұяламын.

Қорап сату да "қауіпті бизнес"

Темірбек ата ертелі-кеш ары-бері көп жүреді. Кейде жолында кездескен жас жігіттердің 20-50 теңге сұрағанына намыстанамын, дейді ол. Тіпті сондай біреулер бұған күш көрсетіп, қол-аяғынан ұстап тұрып, бірде ұялы телефонын тартып алған екен.

– Тепсе темір үзетін жігіттер мен сияқты мүгедектен ақша сұрауға ұялмайды. Ақша сұрағандарға, шай мен нан алып берейін деп айтамын. Мен берем, басқасы береді, қосып арақ алады.

Үй иесі – құдайға қараған адам

Жалдап отырған үйдің иесі атаның жағдайына қарайды екен. Ауласына қанша болса да, қораптарын жиып, қоюға тыйым салып отырған жоқ. Моншасына тегін жуынады.

– Аллаға шүкір, пәтер иесі – жақсы азамат. Жағдайымызды ескеріп жатады. Көмегін аяған емес, алғысымыз шексіз.

Қорап бизнесінде де кірісі-шығысты қатаң қадағалау керек

Қорап сатумен тапқан табыс тұрақты емес... күнделікті ішіп-жеуге ғана. Ата мен кемпірі мүгедектігі бойынша ай сайын әрқайсысы 23 мың теңге жәрдемақы алады. Тұрақты кіріс – 46 мың теңге. Оның 30 мыңын пәтерақыға төлейді. Қалған 16 мың теңгені олай да бұлай да тартады.

– Кемпірім 5-6 жыл болды дәрінің көмегімен ғана отыр. Үш жыл бойы төсектен басын көтере алмай жатты. Дәрілер өте қымбат. Жәрдемақысы өзінің қажетінен аспайды. Оның үстіне азық-түіктің бағасы да қуантарлық емес, білесіздер ғой...

Әкімшілік қасына жолатпайды

Темірбек ата 2014 жылы ғана мемлекеттен берілетін үйге кезекке тұрған. Ол жерде де өзінің шарттары болғандықтан, екі жыл бойы тұрақты тірекеуді күтеді. Зарығып жүріп жеткен кезегі – 15 мыңыншы.

– Үй кезегінен жыл өткен сайын үмітім үзіліп барады. Менің шалажансар екенімді ескеріп, жылжытар деп бармаған жерім жоқ. НұрОтанға да, әкімшілікке де бардым, тіпті жолатпайды, – дейді ол.

Соңғы кезде шаршап жүрмін

Темірбек ата күнде таңғы үште тұрады. Шай-пайын ішіп, қораптарын тиеп, базарға беттейді. Саударгерлерден бұрын барып, күтіп тұрады. Қорап алуға келді ме деп жанына жақындаған адамға жаутаңдап жүреді. Шаршағаны туралы ойлауға уақыты жоқ.


Базарға саудагерлерден ерте барады. Жұмысы таңғы төрттен басталады / Фото informburo.kz

– Алладан кемпірімнің алдында алса екен деп сұраймын. Артында қалып, төсек тартып жатып қалсам, келінім мен қызым мені қарай алмайды ғой. Жатсам да тұрсам да тілейтінім сол. Өз басымнан өткен, әкем төсек тартып жатқанда мен орнынан аунатып, астын шешем жуатын, келіні қасына бара алмайтын.