"Жер тырмалап, 200 келі жүк тасиды". Жамбыл облысының тұрғыны әмбебап трактор құрастырды
Салмағы 500 келіден аспайтын шағын техника – үй шаруасы үшін таптырмайтын құрылғы.Жамбылдағы Аса ауылының тұрғыны Орынбасар Көбеев әмбебап трактор құрастырды. Бұл туралы Qazaqstan.tv хабарлады.
Салмағы 500 келіден аспайтын шағын техника – үй шаруасы үшін таптырмайтын құрылғы. Экскаватордың да жұмысын атқарады, соқа да салады. Жер тырмалап, 200 келі жүкті қиналмай тасиды. Шағын болғанына қарамастан екі тонна тартатын көлікті де сүйрейді.
Мал асырап, бақша баптаған өнертапқыш бұл техниканы темір қалдықтарынан құрастырған. Бөлшектерін ескі көліктен алыпты. Мұндай идеяның тууына қыстың күні қоражайды тазалаудың қиындығы себеп болған. Орынбасар бұл тракторға "Барыс-86" деп атау берген.
"Ескі жигулиім бар еді. Одан шығарып тастаған заттар болған. Ступица, артқы мост. Жигулидің 5 жылдамдықты каробкасы мына жерде тұрған. Базардан сатып алдым бұл моторды. Бұл жерде сатып алған заттар мына цилиндрлар бар. Металломнан барып қарастырып, мынау жарайды екен деп сол жерден жинастырдым. 400 мыңның үстінде қаржы кетті", – дейді Орынбасар Көбеев.