Атқарушы билік мемлекеттің қорғауындағы «Ақшешек» обалы қорымының қалай рәсімделіп кеткеніне өздері де аң-таң, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазір қайнаған құрылыс алаңына айналған аймақ құдды археологиялық қазба жұмыстарына көп ұқсайды. Бірақ күрек ұстағандар тарихшы емес, демалыс орнының іргетасын құйып жатқан құрылысшылар.

"Мына жердегі тастың бәрі өзінше бір бұрышпен қойылған. Бұл – көмік, яғни адам жерленген. Бұлар тарихи орынды тас-талқанын шығарып жатыр. Бұл бізге, келешекке, балаларымызға керек нәрсе ғой. Бұл – біздің тарихымыз. Бұл – мемлекеттің байлығы", – деді Меркі ауданының тұрғыны Асқар Қызылов.

Бұл жерге «Ақшешек» обалы қорымы деп айшықтап, ескерту тақтайшасы да қойылған. Мемлекеттің қорғауындағы деген бұл төл құжаттың қазір көк тиын құны жоқ. Ал кәсіпкер қолдан қолға сатылған жердің құжатын қолдан емес, әкімшіліктен алғанын айтты.

"Бүкіл рұқсат құжатым бар. Міне жер учаскесінің кадастрлық нөмірі: 0692039331. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – демалыс орындарымен халыққа қызмет көрсету нысандарын салу үшін", – деді кәсіпкер Қайсар Молдақұлов.

Ал ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мамандары жер берген жергілікті әкімдіктің әрекетін құзырлы органдар анықтап жатқанын айтады.

"Сол жерде ерте темір дәуірі мен кейінгі орта ғасырға жататын обаларды анықтаған болатын. Бұл ескерткіштің жерін қашан беріліп кеткені туралы біздің құзырлы органдар анықтап жатыр. Біз тура сіздер сияқты көріп, жағдайды анықтап, құрылыс салуға тыйым салып кеткенбіз", – деді Меркі аудандық тарихи өлкетану музейінің инспекторы Талғат Сұлтанов.

Қазір аудан басшылары жекенің қолындағы жердің сатылған жылын анықтап, мұрағат ақтарып әлек.


Оқи отырыңыз: Қорғанға – қорған


"2007 жылдары беріліп кеткен. Сол кездегі басшылықтан кеткен қате. Бәлкім заман талабына сай, бәлкім кемшілік шығар, бәлкім аудан басшылығының жер беру процесіндегі зерделемей беріліп кеткен шығар", – деді Меркі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақытхан Әбжаппаров.

 Қазір жоғалған балбал тастарды іздестіруге ішкі істер бөлімі, құжаттан кеткен қателікті қайта көруге жер қатынастар бөлімі, бұрынғы әкімнің шешімін бүгінгі әкімнің бұзу жолдары қарастырылуда. Бірақ бұл мәселенің шешілер күні белгісіз.