Жамбыл облысында ауыл тұрғыны ауласын зообаққа айналдырған
Зообақта бүгінде африкалық түйе құс, түрлі түсті тауыс, аққу, 17 түрлі балық және басқалар бар.Жамбыл облысының тұрғыны ауласын зообаққа айналдырған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Шайқорық ауылындағы зообақта бүгінде африкалық түйе құс, түрлі түсті тауыс, аққу, 17 түрлі балық, жалпы әр материктің аң-құсы бапталады. Зообақты қала тұрғындары да арнайы келіп көреді. Оларды кәсіпкердің отбасы күтіп-баптайды: келіні шәй қойса, баласы аң-құсты азықтандырады. Үйдің атасы зообақ басқарушысы болса, апасы бала-шағаның күтушісі. Әркімнің өз міндеті бар.
"Балық жайында әлі де білмейтініміз көп. Бірақ, үйреніп жатырмыз. Уылдырығын шет елден алдырамыз. Қазір сазан, амурды өзіміз шығарамыз. Отбасымызбен істеп жатқан шаруа. Оңайшылықпен ештеңе келмейді. Еңбек ету, жалықпау керек", – дейді "Алтынбұлақ" шаруа қожалығының жетекшісі Нұрғиса Қуанышбаев.
Кәсіпкер әр аң-құстың бабын білу үшін ізденіп, көрші елге көп барған.
"Ташкентке бардым. Халқының бәрі еңбекқор. Өзбек ағайындарға өте риза болдым. Ол жақта үкіметтен біздегідей көмек жоқ. Сондықтан, мемлекетке қарап отыра беруге болмайды", – дейді Нұрғиса Қуанышбаев.
Оқи отырыңыз: Еттің қымбаттауынан зообақтар азық үшін ұсақ мал асырап жатыр