Алып қашудың құрбаны болған қыз айыпталған екі азаматқа араша сұрап, тіпті салт-дәстүрге сай сырға салып, неке қиғанға келісімге келген. Алайда адам ұрлау бабымен айыпталған екі азаматқа сот кешірім берген жоқ, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Күні кеше алып қашу операциясына қатысқан екі азаматқа жеті жылдан жаза кескенін жазған едік. Әлі күшіне енбеген сот шешімі аппелациялық сотта қайта қаралып, қалыңдықтың өзі де сотталушыларға жазаны жеңілдетуді сұрады. Жамбылға жар іздеп келген жігіт жолдасымен бірге сүйіктісін көлікке сүйреп алып қашқан. Қыздың артынан  қуғыншы ретінде құдалар емес, құзырлы орган қызметкерлері келген. Іс насырға шауып, қызды алып қашқан жігіт те, ере келген жолдасы да жеті жылға сотталды. Оның бірі – бес баласы бар көп балалы әке. Балаларым жетім, өзі жесір қалғысы келмеген жұбайы жазаны жеңілдетуді сұрайды.

"Жолдасы онымен бірге баруын өтініп, қызбен кездесіп жүргенін айтқан. Жұбайым ол жаққа жаман ниетпен барған жоқ. Қызды бұрын көрмеген, сөйлеспеген. 5 бала әкесіз қалайын деп отыр. 7 жыл деген тым ауыр жаза. Жазасын жеңілдетіп беруін сұраймын. Дәл қазір қыз жақ кешірім берді. Екеуі қазақтың салт-дәстүріне сай үйленіп, отау көтермекші", – деді айыпталушыны әйелі Жанар Жанназарова.

32 жастағы қалыңдықтың кешірімі отау құруға мүмкіндік бермейтін сыңайлы. Қыздың алдынан өткен құдалар енді прокуратура мен соттың төрелігін күтеді, себебі қыз алып қашу – дәстүрге сай болғанымен, заңға қайшы.

"Адам ұрлау дерегі бойынша ең төменгі жаза – 7 жыл бас бостандығынан айыру. Енді түпкілікті шешім аппеляциялық сатымен қабылданады", – деді Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры Аслан Рақымбайұлы.


Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында қызды алып қашқан екі жігіт 7 жылға сотталды.


Белгілі болғандай, қыз бен жігіт бұрын бірнеше ай араласып жүрген. Қолын алуға қолқа салған жігітке қалыңдық көнбеген. Алып қашу барысында сырттай көріп қалған көршілері полицияға шағым түсірген. Келіндікке келісімін кеш берген қалыңдық та, сотталушыларда жазаның тым ауыр екенін айтты.

"Бұл жаза – өте ауыр жаза деп санаймыз. Қазір жәбірленушінің өзі осы азаматтарды кешірген. Отбасы құруға дайын екенін айтып отыр. Соттан бас бостандығынан айырмауды сұрап отыр. Қыздың айтқан осы уәждерін ескеріп, ҚР Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданса деген ойымыз бар. Яғни, шартты жазаны қолдануды сұрап отырмыз. Менің қорғауымдағы азаматтың бес баласы бар", – деді адвокат Әлия Арзымбетова.


Оқи отырыңыз: Алматы полициясы қызды алып қашу дерегін тексеріп жатыр.