Жамбыл облысында бидай мен арпаның әрбір гектарынан 22,5 центнерден өнім алынды
Аймақта бидай мен арпа алқабының көлемі бойынша Тұрар Рысқұлов, Қордай, Меркі мен Жамбыл аудандары көш бастап тұр.Жамбыл облысында биыл бір ғана Тұрар Рысқұлов ауданында 58 287 гектар алқапқа бидай, 57 500 гектарға арпа дақылы егілген. Соның нәтижесінде бидайдан 77 559, арпадан 58 882 тонна өнім жиналды. Дала төсіндегі науқанда бас-аяғы 160 комбайн жұмылдырылды.
Дегенмен, өңірдегі Сарысу, Талас пен Мойынқұм сынды аудандарда дәнді дақылдар аз себілген. Айталық, Сарысу мен Талас аудандарының бірінде бидай 6 500, екіншісінде 1 050 ғана алқапқа егілген. Ал Мойынқұм ауданында арпа егілген аумақ бар болғаны 114-ақ гектарды құраған.
Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасіл Желеубаевтың айтуынша, егін орағына 547 комбайн жұмылдырылған. Жалпы, аймақта егін шаруашылығымен бір мыңнан аса агроқұрылым айналысады.
Айта кетейік, өңірде биылғы жылдың өнімі үшін 157 608 гектарға бидай, 205 832 гектар алқапқа арпа дақылы егілді. Бір гектардан алынған орташа өнім 22,5 центнерге тең болған. Ал кейбір алқаптарда өнім көлемі 30 центнерге дейін жеткен.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында биыл 4,6 мың гектар алқапқа картоп егілген