Құрғақшылық салдарынан шығынға батқан Жамбыл облысының шаруаларына қолдау көрсету мақсатында үкімет резервінен 3 756 300 171 теңге қаржы бөлінеді. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасынан белгілі болды.

Еске салайық, Қырғызстаннан Қазақстанға келетін су көлемінің қысқаруы егістіктерді қажетті деңгейде суаруға мүмкіндік бермеді. Осыдан туған құрғақшылықтың салдарынан оңтүстік өңірдегі 300-ден астам шаруа миллиардтаған шығынға батты. Мемлекет көмегі, міне, осы шығындарды жабуға бағытталған.

"Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне келтірілген зиянды өтеуге Жамбыл облысының әкімдігіне ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аудару үшін 3 756 300 171 теңге сомасында қаражат бөлінсін", – делінген құжат жобасында.


Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникасын алуға "Жасыл Даму" АҚ қаражатынан 20 млрд теңге бөлінеді


Қаражат Жамбыл облысының әкімдігіне бөлінеді. Әкімдік өз кезегінде қаражатты жыл соңына дейін игеруі тиіс.

Құжат жобасы жария талқылау мерзімі – 23 қыркүйекке дейін.