Жамбыл облысы шаруалары жоспарлы жарылыстарды бір айға шегеруді сұрады
Сақпан маусымында дүмпулер малдың төлдеуіне зиянын тигізеді.Жамбыл облысы Байзақ ауданында тағы да жарылыс болады дегенді естіген шаруалар жаппай қарсылық білдіріп жатыр. Себебі, жоспарлы жарылыс болатын арнайы полигон тура жайылым жерде орналасқан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Соған орай, сақпан маусымында түлігін төлдетіп отырған шаруалар жарылысты кемі 30 күнге шегеруді өтініп отыр. Олар жарылған снаряд қалдықтары оқыста мал тұрмақ, адамдарға да зиянын тигізеді деп қауіптенеді.
"Жарылысты әзірге тоқтата тұрса және 5-6 шақырым әріде жарса, дұрыс еді. Біз тура әскери бөлімнің жанында отырмыз. Қазір бала-шаға да қорқып, үрейленіп жатыр", – дейді байзақтық шаруалар.
Оқи отырыңыз:
- Жамбылдағы жарылысқа жарты жыл: жоғалған Бауыржан Дәуітбаевты іздеу уақытша тоқтатылған
- Жарылыстар, коррупция, министр отставкалары, Қорғаныс министрлігімен байланысты ең шулы оқиғалар
Жергілікті тұрғындар инженерлік оқ-дәрілерді жоюға қарсы емес. Бірақ, снарядтарды жайылым жерде жою түлікті төлдетуге зиян екенін айтады.
Байзақ ауданы әкімдігінің өкілдері өткен жылы жарылғыш заттарды жою кезінде қожалық жұмысшылары мен түліктерді құмды аумаққа, яғни қауіпсіз жерге көшіргендерін айтты. Сондықтан биыл да Қорғаныс министрлігіне хабарласып, оқ-дәрілерді жоюды кейінге шегеруді сұрапты.
"Бұл іс-шараны кейінге қалдыратынын айтты. Сәуір айының аяғына қарай жоспарланып отыр", – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Смаилов.
Осыған орай, 31 арнаның Информбюро редакциясы Қорғаныс министрлігіне хат жолдады. Ведомство әзірге жауап берген жоқ.