Мұсылман күнтізбесіне сәйкес, бүгін Рамазан алдындағы ай – Шағбан айының бірінші күні. 

Биыл Шағбан айы 18 наурызға дейін (қоса есептегенде) жалғасады. Бұл – Исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Шағбан айыннан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айы келеді.

ҚМДБ түсіндіруінше, Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл (ерікті) ораза ұстайтын ай. Дегенмен қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керек екені жайында нақты айтылмағандықтан қанша күн ұстаймын десеңіз де, өз еркіңіз.

Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсе болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, "үш ақ күндері" ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап (3 ақпан), түнін (Бараат түні, ақпанның 2-сінен 3-іне қараған түн) ғибадатпен өткізген адамға сауабы мол тиеді. 


Оқи отырыңыз: Рамазанға 30 күн қалды. Шағбан айында оразаға қалай дайындалу қажет


Шағбан айында мқсылмандар не істеуі қажет?

Қарыздарды қайтару. Қарыз – берсе сауап, алса мойнына аманат болып жазылатын дүние. Хадисте қарызы бар адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек екені жазылған. Берілмеген зекет те қарыз деп есептеледі. Қарызын өтеу, зекет беру – парыз. Зекет қарызы бар адамның садақасы қабыл болмайды. 

Ниет ету. Рамазан айында жасаймын деген құлшылықтарға Шағбан айынан бастап ниет еткен жөн. Алдын ала ниет етпей, ешбір амал қабыл болмайды. Рамазан айында ораза ұстауға шынайы түрде ниет етсеңіз қазірден әдеп-амалдарды үйрене бастаңыз. 

Ағзаны дайындау. Рамазан айы жақындағанда ағзаны оразаға дайындау қажет. Адам бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпаса ағзада үлкен өзгерістер болып, ол белгілі бір ауруға әкелуі мүмкін. Сол себепті күнделікті ішіп жүрген тамақ мөлшерін біртіндеп азайта бастаған жөн. Алғаш рет ораза ұстайтындар қазірден ауыз бекітіп, ағзасын үйрете берсе болады. 

Жаман әдеттерден арылу. Шағбан айында жаман әдеттеріңізден арылуға қамданып, жақсы әдет қалыптастыруды бастаңыз. Мысалы, темекіні тастай алмай жүрсеңіз Рамазанды күтпестен қазірден амалын жасаңыз. Денсаулық та аманат екенін ұмытпаңыз.

Ұйқыны реттеу. Оразада тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Сәресіне ұйықтап қалмау үшін ерте ұйықтап, ерте тұруға ертерек бой үйреткен дұрыс. Күнде 7-8 сағаттан көп ұйықтайтын болсаңыз Шағбан айынан бастап аз ұйықтап үйреніңіз. Себебі сәресіне тұруға ерініп, түнде ауыз бекіте саламын деуге болмайды. "Сәресін ішіңдер, өйткені сәресінде береке бар" дейді.

Ас мәзірін дайындау. Ауыз бекіткенде сәресі мен ауызашарда не ішіп-жеймін деп бас қатырмас үшін ертерек ас мәзірін жасап қою артық етпейді. Рамазан айы басталмас бұрын қажет азық-түлікті ертерек әкеліп қойған абзал. Тәтті, ащы, тұзды, майлы тағамдарды мейлінше азайтыңыз. Ас мәзіріңізде көкөніс пен жеміс-жидек көп болсын.  

Тазалық жүргізу. Ішкі-сыртқы тазалыққа мән беріңіз. Денеңізді таза ұстаңыз. Дәрет алуды білмесеңіз, үйреніңіз. Үйіңізді толықтай тазалап шығыңыз. Мүлдем кимейтін таза киімдеріңізді мұқтаж жандарға таратыңыз. Ескі заттардан арылыңыз. Үйдің ішін ғана емес, сыртын, ауланы да тазалап қойған жөн.