Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады, сәйкесінше оразаға 30 күн қалды. Бұл отыз күн – мұсылман жыл санауы бойынша Шағбан айына сәйкес келеді. "Шағбан" – "көп жақсылықтың бастауы" деп аударылады, халық арасында оны "оразаға дайындық айы" дейді. Шағбан айында мұсылмандар қандай амалдар жасауы қажет? Бұл ауда ауыз бекітіп, ораза ұстауға бола ма?
Оқи отырыңыз: Рамазан айына 30 күн қалды. Оразаға дейін орындау шарт 10 амал
Информбюро ҚМДБ деректеріне сүйене отырып, маңызды 9 сұрақтың жауабын ұсынады.
№1. Шағбан айы қашан басталады?
Биыл Шағбан айы 21 ақпанда басталып, 23 наурызға дейін жалғасады. Бұл – Исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Шағбан айыннан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айы келеді.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы Ораза қашан басталады?
№2. Шағбан сөзінің мағынасы қандай?
"Шағбан" сөзі "көп жақсылықтың бастауы" деген мағынаға ие. Бұл ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. "Өсіп-өну" деген мағынаны да білдіреді.
Шағбан арабтың бес әрпінен тұрады. Шин, айн, бә, әлиф, нун:
- шин – Алла Тағаланың шарапаты;
- айн – дәрежесінің көтерілуі;
- бә – Алланың жақсылығы;
- әлиф – Хаққа жақындау;
- нун – Алланың нұры.
Осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады, сондықтан "шарапаты мол Шағбан айы" деген сөз бар.
№3. Шағбан мен Рамазанның байланысы қандай?
Шағбан айын Рамазанға дайындық айы деуге болады. Бұл айда мұсылмандар Рамазанды бос өткізіп алмаудың қамын жасағаны жөн. Ораза басталып кеткеннен кейін де "Түкірік жұтуға бола ма?", "Тіс пастасын қолдану оразаны бұза ма?" деген сынды сұрақтар жиі қойылады. Шағбан айы осы сұрақтарға жауап іздеп, рухани және физикалық дайындықты күшейтетін уақыт.
Рамазан айына жоспар құрып, ораза уақытында қайда болатыныңыз және немен айналысатыныңызды нақтылаңыз. Қазірден бастап қайырымды істердің тізімін жазып, оған қажет қаражат, дүние-мүлікті түгендей беріңіз. Бес уақыт намазыңызды барынша мешітте, ең болмағанда жамағатпен өткізуді дағдыға айналдырыңыз. Шағбай – барынша ораза ұстап, құлшылық жасап, Құран Кәрім сүрелерін көп оқып, жаттайтын, мұқтаждарға садақа беретін ай.
№4. Шағбанда оразаға қалай дайындалады?
Бұл айда денсаулыққа көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алу керек. Мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан-ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің қақ ортасында басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі жиі мазалайтын уақытқа дөп келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажетті дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.
Ал рухани дайындыққа ораза жайлы нақты мәліметтерді білу, Құран Кәрім оқу, білмесе оны үйрену, салауат айтып, дұға оқу, ағайын-туыспен, отбасымен, достармен байланысты жақсарта түсу, ренжіскенмен татуласуды жатады. Сондай-ақ, жаман әдеттерді тастап, жақсы әдеттер үйренуге таптырмас уақыт.
№5. Шағбанда неше күн ораза ұстау керек?
Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл (ерікті) ораза ұстайтын ай. Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керек екені жайында нақты айтылмаған. Сондықтан да, қанша күн ұстаймын десеңіз де, өз еркіңіз.
Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсе болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, "үш ақ күндері" ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап (6 наурыз), түнін (Бараат түні, 7 наурыз) ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол.
Оқи отырыңыз: Оразада денсаулыққа зиян тимес үшін қалай тамақтану керек? Диетологтан 5 кеңес
№6. Шағбанда қарыз оразаны ұстауға бола ма?
Иә, болады. Рамазан айынан өтелмей қалған қаза оразаларды осы айда өтесе болады. Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана ұстағаны абзал. Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені, Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды.
Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза тұтпаған абзал.
№7. Бараат қандай түн?
Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған (6 наурыздан жетісіне қараған) түн – Бараат түні. Бұл түні құбыла Құдыс қаласындағы Ақса мешітінен Меккедегі қасиетті Қағбаға қарай өзгерген. Бараат түнін "күнәдан тазару және кешірім түні" деп те атайды. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Бараатты бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес. Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Бараат түні намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болмақ.
Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарға көп салауат, күнәлардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.
№8. Бараат түні қандай құлшылық жасауға болады?
- Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Кімде-кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
- Тиләуәт. Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылық түрі. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
- Зікір. Пайғамбарға салауат айту. Сондай-ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.
- Дұға. Бұл түні көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі.
Оқи отырыңыз: Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал
№9. Бараат түні қандай амалдар жасауға болмайды?
Күнәлі істерден аулақ болу қажет. Кейбір жандар осы түнді атап өту мақсатында еркеше тағамдар әзірлеп, үй ішін я болмаса мешітті безендіріп жатады. Мұның бәрі негізсіз амалдар. Кейбір адамдар бір жерге жиналып діни жиын өткізіп, ұзақ сабақтар оқиды. Мұндай амалдарды атқарудың қажеті жоқ. Бұл түні тек қана құлшылық, ғибадатта болған абзал.
Намаз, Құран оқу және зікір деген секілді құлшылықтарды топпен емес, жеке орындау қажет. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды. Бұл түнді атап өту үшін жамағатты мешітке жинаудың қажеті жоқ.
Материал ҚМДБ сайтындағы мәліметтер негізінде әзірленді.