Қытайдағы ірі автоконцерндердің бірі – Chery Automobile болашақта көлік өндірісімен шектеліп қалмай, интеллектуалды мобильді экожүйеге айналмақ. Компания қазірдің өзінде бұл бағыттағы стратегиясын айқындап, беталысын белгілеп қойған. Ол туралы Chery International президенті Чжан Гуйбин Уху қаласында өткен Chery 2025 халықаралық саммитінде кеңінен айтып берді. 

Оның сөзінше, Chery шет мемлекеттерге сатқан көліктерінің саны бойынша қытайлық брендтер арасында 22 жыл қатарынан бірінші орынды бермей келеді. Ал соңғы бес айдың әрбірінде компанияның экспорттық әлеуеті 100 мың автокөліктен төмендемеген. Бұл көрсеткіштер компанияға жаңа кезеңге қадам басып, дәстүрлі автоөндірушіден ірі интеллектуалды экожүйе құрастырушысына айналуға мүмкіндік береді. 

Фото: Chery International

Интеллектуалды экожүйеге қадам

Чжан Гуйбин төмен көміртекті және мүлде көміртексіз өндіріске көшу мен жасанды интеллектіге негізделген жаһандық тенденциялар аясында автокөлік индустриясы "автокөлік + экожүйе" моделіне қадам басып келе жатқанын алға тартты. 

Chery International президенті Чжан Гуйбин

Бұл орайда Chery адамдарды, автокөліктерді роботтарды және жасанды интеллектіні біріктіретін жаңа әлемге жол ашпақ. Компания автокөліктердің интеллектуалды базасын байытып қоймай, робот такси, адам мен жануар үлгісіндегі роботтарды, ақылды ауыл шаруашылығы техникалары мен ұшатын көліктерді шығарып, оларға қажет жасыл энергия көздерін де қатар дамытпақ. 

"Таяу болашақта Chery өз командасы мен ресурсының бір бөлігін автокөлік бизнесінде қалдырып, екінші бөлігін робот техникасы сынды жаңа бағыттарды дамытуға жұмсайды", – деген Chery International президенті компанияның жаңа жол картасын жайып салды.

Фото: Chery International

Оған сәйкес, компания енді:

  • PHEV гибридті және BEV электрлі автокөлік саласындағы көшбасшылығын күшейтуге;
  • көлікті автономды, яғни жүргізушінің қатысуынсыз басқару жүйелерін дамытуға;
  • робот техникасы мен әуе мобильділігін (ұшатын көліктер өндірісі – авт.) дамытуға;  
  • әлем елдерінде өндірісті жергіліктендіруге күш салады. 

Оқи отырыңыз: Co-Create & Co-Define: Chery қолданушыларының 2025 жылғы халықаралық саммиті қалай өтті


AiMOGA роботтары 

Chery-дің робот техникасы саласындағы жетістіктері қазірдің өзінде таң қалдырады. Компания Chery 2025 халықаралық саммитінде бұл роботтарының мүмкіндіктерін барынша паш етті. Ит бейнесіндегі роботтар үру, секіру, жүгіру, жату, артқы аяққа тұру сынды сынды іс-қимылдарды еркін жасаса, қыз бейнесіндегі роботтар стандартты қимылдардан бөлек, су не шырын құю, клиенттерге қызмет көрсету секілді функцияларды автономды түрде орындай алады. 

Ал болашақта, Чжан Гуйбиннің айтуынша, компания білім беру, маркетинг, өнеркәсіп, тұрмыстық қызметтер секілді әртүрлі салаға маманданған гуманоидты және төрт аяқты роботтар сериясын нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Нақты деректерге келсек, 2030 жылға қарай компания 90 мыңнан астам төрт аяқты және 40 мыңнан астам гуманоидты роботты өндіріп, робот техникасы саласында әлем көшбасшылары арасындағы өз позициясын күшейтуді көздеп отыр. 

Фото: Chery International

Бұған Chery-де мүмкіндік мол. Өйткені, R&D орталықтарының интеллектуалды жетістіктері Сhery жеңіл көліктерінде және AiMOGA роботтарында қатар қолданылады. Мәселен, роботтардың қол-аяғының мықтылығын қамтамасыз ететін тығыз шарнирлер Chery көліктерінің электр қозғалтқыштарының үлгісімен жасалған. Ал "мидың" қызметін атқаратын MoLink бұлтты платформасы роботтарға да, көліктерге де ортақ. Сол секілді MoNet сенсор жүйесі де компанияның көлікті басқару саласындағы интеллектуалды технологияларының жемісі. 

Айта кетейік, AiMOGA – Еуропа Одағының аппараттық және бағдарламалық қамсыздандыру бойынша сертификаттарын иеленген әлемдегі алғашқы гуманоид робот саналады. Қазіргі таңда оны Қытай, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері және Оңтүстік Африка сынды 30-дан астам елдің нарығынан табуға болады. Ал таяу болашақта бұл география тек кеңейе түспек. Өйткені, компания роботтарға толық техникалық қолдау мен кешенді қызмет көрсететін жаһандық сервис желісін құруды көздеп отыр. Ол компанияның жеңіл көлік экспорты бойынша қалыптасқан желісінің негізінде оңай жүзеге асады. Не дегенмен, компания қазірдің өзінде әлем бойынша 120-дан астам елде 11 мыңнан астам сервистік орталықтың басын біріктіреді. 

Фото: Chery International

Ұшатын көліктер мен жасыл энергетика

Chery International президенті Чжан Гуйбин компанияның ұзақмерзімді стратегиясында ақылды көліктерден бөлек, ұшатын автокөліктер мен робот таксилерді іске қосу барын атап өтті. Әлбетте, бұл жаңа энергия көздері мен тұтас экожүйені қалыптастыруды қажет етеді. 

Сондықтан, Chery жасыл энергетиканы дамытуды өзінің стратегиясының маңызды бағыттарының бірі ретінде енгізген. 

Ал ұшатын көліктер мен робот таксилердің прототиптері қазірдің өзінде бар. Ендігі міндет – оларды жетілдіріп дамыту, соған лайықты экожүйе құру. 

Фото: Chery International

"Co-Create. Co-Define" ұранының аясында бұл бағыттағы жұмыстарға кез-келген адам атсалыса алады. Дизайнды анықтау, жайлылық параметрлерін белгілеу секілді мәселелерде Chery өз клиенттерінің пікірлерін жинап, олардың ұсыныстары мен ойларын ескереді. Chery 2025 халықаралық саммиті аясында да компания өкілдері әлем елдерінен келген 3 мыңнан аса адамның ой-пікірлерін жинақтады. 


Оқи отырыңыз: Chery ЮНИСЕФ-тің әлем бойынша білім беру бағдарламаларына 6 миллион доллар бөледі


Тұтынушылар "құраған" жаңа кроссовер

Клиенттердің ұсыныстары мен қалауы негізінде әзірленген жаңа көлік – жол талғамайтын трансформер пикап-кроссовер саммит аясында алғаш рет таныстырылды. Әзірге T1TP кодтық атауымен таныстырылған көлік тек 2026 жылдың соңы не 2027 жылдың басында ғана сатылымға шығады. Бірақ, оның бас ерекшелігі – клиенттердің түрлі қалауының шешімі бір көліктен табылуымен сипатталады. Кроссовер жеті орындық – көп балалы отбасы үшін таптырмас көлік. Жаңа кроссовер Super Hybrid System гибридті жүйесімен жабдықталған. Бензинді былай қойғанда, сыйымдылығы сағатына 34 кВт-ты құрайтын батарея 145 шақырым жол жүруге жеткілікті. Сәйкесінше, алыс сапарлар мен тау-тасты жолдарға алаңсыз шығуға мүмкіндік береді. 

Фото: Chery International

Әзірге жаңа кроссовер Қазақстан нарығына шығатын не шықпайтыны туралы мәлімет жоқ, бірақ Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, елімізде мұндай пикап-кроссоверге сұраныс жоғары болатынын болжай беруге болады. 

"Кроссоверді пикапқа айналдыру үшін жарты сағат уақыт жеткілікті. Оны арнайы сервис орталықтарында немесе қажетті құрал-жабдықтардың (көлікпен бірге беріледі – авт.) көмегімен үй жағдайында да ауыстыра беруге болады", – дейді мамандар. 


Chery-дің қысқа және ұзақмерзімді стратегиялары да ESG стандарттарының мақсаттарымен сәйкес келеді. Chery Automobile Директорлар кеңесінің төрағасы Инь Туньюэ атап өткендей, компания бұл бағытта халықаралық ұйымдармен әріптестікті жалғастырып, өзінің жаһандық корпорация ретіндегі жауапкершілігін бұлжытпай орындайды.