ҰҚК Қазақстан-Ресей шекарасында көлік өткізу кезінде қиындықтар болуы мүмкін екенін ескертті
Басқа пунктер штаттық режимде жұмыс істейді.Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасында көлік өткізу кезінде қиындықтар болатынын ескертті.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, "Сырым" бақылау өткізу бекетінде көлік қозғалысы қиындайды.
"ҰҚК Шекара қызметі 29 шілде мен 3 тамыз аралығында Қазақстан – Ресей шекарасындағы "Сырым" өткізу пунктінде көлікті өткізу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін екенін хабарлайды. Көрсетілген кезеңде шектес аумақтағы "Маштаково" бақылау өткізу бекетінің инспекциялық-тексеру аймағында жол төсемін жөндеу жоспарланған", – делінген хабарламада
Комитет хабарлағандай, басқа пунктер штаттық режимде жұмыс істейді, ешқандай шектеулер енгізілген жоқ.
Көлік жүргізушілері осыны ескеріп, қозғалыс бағдарын алдын ала жоспарлауы қажет.