Ұлттық киноны қолдау орталығы 5 фильм бойынша мәселені сот арқылы шешіп жатыр
Бұған дейін орталық "Қазақфильммен" медиативті келісімге келген болатын.Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында "Қазақфильммен" арадағы соттың қалай аяқталғаны туралы хабарлады. Еске салайық, орталық "Алтын адам" анимациялық фильміне қатысты "Қазақфильмді" сотқа берген болатын.
Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, бұл жоба Кино орталығына 4 жыл бұрын, яғни 2020 жылы ұсынылып, басталған. Жалпы құны – 378 млн теңге.
"Келісімшарт бойынша ол 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы жұмысты толық аяқтамады, фильмді өткізбеді. 2022 жылы "Қазақфильм" жобаны тағы да тапсыра алмады. 2023 жылға дейін созылған жобада соңғы түзетулер қамтылмаған болып шықты. Орталық шығармашылық ұжымның 3 жыл бойы жобаны аяқтай алмай келе жатқан себептеріне түсіністікпен қарап, атқарған жұмыстарына қаражат төленіп келген. Орындаушыға істеген жұмысы үшін 294 млн теңге бөлінді. Ал қалған 84 млн теңге жоба 2023 жылы тағы уақтылы аяқталмағандықтан, берілмей, бюджетке қайтарылды. Сараптама кеңесі жобаға қатысты 126 ескерту енгізген. Бұл түйткілді тұстар жоғарыда айтқанымдай, уақтылы түзетілмеген болып шықты", – деді Құрманбек Жұмағали.
Оқи отырыңыз: Жаңа жылға орай екі сыйақы. Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы жауап берді
Соған байланысты Ұлттық киноны қолдау орталығы "Қазақфильмді" сотқа берген. Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, осыдан бір ай бұрын "Қазақфильм" басшысымен бірге сот шешімін орындау жөніндегі медиативті келісімге жасалған.
"Қазақфильм" және жобаға жауапты ұжым жобаны өзара келісім арқылы аяқтап, "Алтын адам" анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20%-ы кино орталығына аударылса, қалған 80%-ы "Қазақфильмнің" үлесінде қалады. Осылайша, "Қазақфильм" бұл жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейді. Ұлттық киноны қолдау орталығының бюджеті сіз бен біздің қаржымыздан құралған. Сондықтан әр тиынның сұрауы барын тағы бір ескеруіміз қажет. Мәселенің заң тұрғысынан шешіліп жатқаны да содан және біз орталық жобаларына қатысты мұндай мәселелер барын жасырмаймыз. Мәселен, қазір өндірісінен шикілік шыққан 5 фильм бар. Олармен де мәселе заң аясында шешім табады", – деді Құрманбек Жұмағали.