Тікелей эфир

Жаңа жылға орай екі сыйақы. Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы жауап берді

Құрманбек Жұмағалидың айтуынша, бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали әлеуметтік желіде орталық қызметкерлеріне бірнеше айлық көлемінде жаңа жылдық сыйақы берілгені туралы ақпаратқа жауап берді. Оның айтуынша, бұл жерде ешқандай заң бұзылмаған және және жауапкершілік оның өз мойнында. 

"Жыл соңында қызметкерлер алғаш рет сыйақы алды. Сыйақы 2-3 айлық мөлшерінде берілді. Рас. Иә, орталықта істейтін қызметкерлердің барлығы дерлік сыйақы алды. Әрі сол сыйақыға әрқайсысы лайық деп айта аламын. Мен қайта әріптестерімнің Жаңа жыл қарсаңында осындай мүмкіндікке ие болғанына ризамын. Себебі, жақындарын және өзін қуантып, басқа да қажеттіліктеріне жұмсай алды. Адал еңбек етті", – деп жазды Құрманбек Жұмағали журналист Михаил Козачковтың Facebook желісіндегі постына пікір ретінде. 

Оның айтуынша,Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында орташа жалақы шамамен 350 мың теңге. Қазір 10-нан астам бос жұмыс орны бар.

Еске салайық, кеше журналист Михаил Козачков есеп парағының скринін салу арқылы пост жазған болатын. Онда Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметкеріне жаңа жылға орай екі сыйақы берілгені көрсетілген.

Бұл скрин әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қызу талқы туғызды.  

Серіктестер жаңалықтары