Үкімет 2030 жылға дейін шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттырмақ
Ал бұл мерзімде жыл сайынғы ішкі туристер саны 11 млн адамға дейін көбейеді.Қазақстан Үкіметі 2030 жылға дейін барлық шараларды іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 млн адамға дейін, шетелдік туристерді – 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды – 800 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойынша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу көзделіп отыр.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дене тәрбиесі және спортты, сондай-ақ туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаларының жобалары қаралды.
Оқи отырыңыз: 5 елді аралауға болатын Каспий круизі 2023 жылы іске қосылуы мүмкін
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов тұжырымдамада азаматтарды, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды дене тәрбиесімен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға баулу, жоғары кәсіби спорттық резервті қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту жөніндегі шаралар қарастырылғанын баяндады.
Атап айтқанда, қалаларда қолжетімді жерлерден жаңа спорттық инфрақұрылымдық нысандарды (жүгіру және велосипед жолдары, спорттық алаңдар), өңірлерде бұқаралық спорт орталықтары мен ауылдық жерлерде модульдік спорт ғимараттарын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қатысуға ниет білдірушілерді кеңінен тартып және өткізілу кестесін медиа кеңістікте хабарлай отырып, спорттық-бұқаралық шаралар мен спартакиадалар өткізуге де назар аударылатын болады.
Оқи отырыңыз: Бурабайдағы қысқы демалыс: Туристерді қандай қызықтар күтеді?
"Қазір көптеген қалаларда үйлердің аулаларында балалар мен ересектер дене тәрбиесімен шұғылдана алатын спорт алаңдары пайда болып жатыр. Бұл – ел ішінде кеңінен таралып жатқан жақсы тәжірибе. Біз базалық спортты бәріне бірдей қолжетімді ету үшін осындай ғимараттар тұрғызуды жалғастыра беруіміз керек", – деді Әлихан Смайылов.
Кеңесте атлетшілерді дайындаудың заманауи әдістерін енгізу және спорттық медицинаның сапасын жақсарту жоспарланып отырғаны да атап көрсетілді. Бұл жұмыс алдағы жылдары Париж-2024 және Милан-2026 Олимпиада ойындарына дайындық бағдарламалары аясында жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Таңбалы, Үңгіртас, Шарын, Көлсай, Шонжы. Алматы облысындағы бес туризм ошағы
Туризм саласын дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турдестанициясында инфрақұрылымдарды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, халықаралық аренада еліміздің туристік әлеуетін ілгерлету шараларын іске асыру көзделіп отыр,
Атап айтқанда, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдарды салу және қайта құрылымдау, демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту, Шучье-Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару станцияларын салу және тағы басқа іс-шаралар қарастырылып отыр.