"Үй бар, күй жоқ": Жамбыл облысында құрылысы аяқталған тұрғын үй неге қолданысқа берілмей отыр?
Тұрғын үйге газ, ауыз су, кәріз жүйесі, тіпті электр желісі де жүргізілмеген.Жамбыл облысында баспанаға мұқтаж жандарға арналған тұрғын үй қолданысқа беріліп үлгермей жатып бордай үгітіліп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғын үй Жуалы ауданының орталығы – Момышұлы ауылында орналасқан. Құрылысы былтыр бітсе де, қоныстануға жарамайды. Өйткені, баспанаға инфрақұрылым желілері тартылмаған.
"Бұған қазір газ, ауыз су, кәріз және электр жүйесі жетіспей тұр", – деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Тұрғын үй "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған.
"Ел босып жүр. Бәрі – біздің Жуалының жас отбасылары. Масқара ғой. Аудан әкімдігі мәселені неге қарастырмайды", – дейді Жуалы ауданының тұрғыны Бақберген Меңлібаев.
Оқи отырыңыз:
- Қостанайда өрт кезінде баспанасыз қалғандарға жаңа тұрғын үйлер салынады
- Елордада жатақхана сатылып, оны жалға алып келген жүз шақты отбасы баспанасыз қалды
Аудан әкімдігінің мамандары жоспарды "Нұрлы жер" бағдарламасының жарты жолда тоқтап қалуы бұзғанын айтады. Яғни, мұнда биыл екі көп қабатты үй салынуы керек болған. Екі нысан біткенде инфрақұрылымға бөлек қаржы қарастырылуы ойда болған. Бірақ алғашқы үйді мердігер мерзімінен бұрын бітірсе, екіншісіне келгенде мемлекеттік бағдарлама тоқтап қалған.
"Екі үйдің құрылысы биылға жоспарланған. Сыртқы жүйе екі үйге жоспарланған. Сондықтан екінші үйдің аяқталуына қарай, инфрақұрылым жүйесі биылға жоспарланған", – деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Әкімдік аталған үйге жарық, су, газ, кәріз және жылу жүйесін жалғауға ерте көктемде конкурс жариялаған. Небәрі 18 пәтерлі үйдің жыры ұзаққа созылудың тағы бір себебі – осы. Конкурс шешімімен келіспеген мердігер қайта шағым түсірген. Осылайша аудан басшылығы мемлекеттік сатып алу басқармасының келісімін күтіп жүр.