Мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру үшін алдын ала онлайн тіркелуді бастады. Бұл жолы түлектерге негізгі сынақты екі рет тапсыру мүмкіндігі берілмек. Бірақ олар бейіндік пәнді ауыстыра алмайды. Ал грант саны артады деген білім министрлігі нақты қай мамандыққа қанша тегін оқу орны бөлінетінін биыл да алдын ала айта алмай отыр. Сол себепті бұл жолы да мектеп бітірушілер тәуекел етіп сынақ тапсыруға мәжбүр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Биыл ҰБТ бір компьютер, 2 камера және бір тестілеуден өтуші қағидаты бойынша өткізіледі. Осы жолы фронталды камера іске қосылады. Ол түлек үшін тестілеуге бөгде адамның кіруіне жол бермеу және емтихан кезінде оқушыны бақылау", – деді БҒМ ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.


Оқи отырыңыз: Психолог: Әлімжеттік жасайтындар – өз ішкі қорқынышын жеңе алмағандар


Тестілеу кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі, сондай-ақ металдардың белсенділік қатары қосылған тұздардың ерігіштік кестесі болады. Ал ерекше қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.

"Биыл ерте шығарамыз деп айтқан болатын. 2021 жылдың желтоқсанында, кейін қаңтарда шығарамыз деді. Бірақ бұл әлі созылып келе жатыр. Нақты шығармады. Мысалы, өткен жылы маусым айының соңына қарай шығарды. Бұл кезде ҰБТ өтіп, оқушылар өз таңдауын жасап үлгереді. Бізде қаңтар оқиғасы болды, содан кейін Батыс өңірге бөлек грант беретін болды. Бұл басқа өңірлердің ашуын келтіруі мүмкін", – деді JOO.KZ жобасының жетекшісі Қанат Өксікбаев.

Мамандардың айтуынша, грант санының 56 мыңнан 73 мыңға артуы 50 баллмен де кейбір оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Яғни "3" деген баға алып жүргендердің де тегін оқуға ілігуге мүмкіндігі бар.