2026 жылғы 2 наурызда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) бүгінгі күнге дейін 117 мыңнан астам талапкер тапсырды. Олардың 71,6%-ы тесті қазақ тілінде, 28,3%-ы орыс тілінде, ал 111 адам ағылшын тілінде өтті, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 67,11%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 63 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 139 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған жағдайлардың арқасында тестілеуге 283 адам қатысқан.

"Талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тапсырмалар мазмұны бойынша апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық ақауларға байланысты шағымдар тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляция нәтижелері қаралғаннан кейін жеке кабинеттерде жарияланады. Үшінші аптада 179 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 97 талапкер смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеді. Тағы 82 адам тест барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде адамның орнына кіру фактілері анықталмаған", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2026 жылғы ҰБТ толық аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер ереже бұзушылықтар анықталса, тест нәтижелері жойылады.

Еске салсақ, биылғы тестілеуге қатысуға 184 мыңға жуық өтініш түскен.