Тоннасы 100 мың теңге: Шөп алуға ақшасы жоқ шаруалар мал сатуға мәжбүр
Шаруалардың кейбірі төрт түлікке азық дайындау үшін несие алуға мәжбүр.Павлодар облысында шөптің тоннасы 100 000 теңгеге жетті. Бұл бағаны қалтасы көтермеген шаруалар жылдар бойы өсірген төрт-түлігін жаппай сатып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Облыс орталығының іргесіндегі Павлодарское ауылының тұрғындары биыл мал ұстап, тіршілік ету қиындап кеткенін айтты. Былтыр шөптің тоннасын 70 мың теңге болса, биыл 100 мың теңге болып кеткен. Шаруалар ауыл маңындағы жерді иемденіп алғандар шөпті 2-3 есе қымбатқа сатып жатқанын айтып, шағымданды.
"Екі аттам жерде шөп бар, бірақ жер – біздікі емес. Жер кім көрінгенге сатылып жатыр. Шөптің тоннасы – 100 000 теңге болса, бір арбасы 1 000 000 теңге болады. Бұл – өте қымбат", – деді Павлодарское ауылының тұрғыны Бахытқан Болат.
Оқи отырыңыз: 200 млн теңге шығын: Түркістан облысының шаруалары егінін суара алмай отыр.
Зейнеткер Асқар Әділхан зейнетақысы шөп алуға жетпейтінін айтты.
"Менің зейнетақым – 70 000 теңге, ал шөп бағасы 90-100 000 теңге. Сонда зейнетақымды қалай жеткіземін?", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Жетісуда 2 мың тонна жүгері шіріп кетуі мүмкін. Шаруалар өнімін неге сата алмай отыр?
Осы жағдайдың салдарынан ауылдағы мал саны екі есе азайып кеткен. Мәселен, қазір ауылда небәрі 80-90 бас мал қалған, себебі малдың қазіргі бағасы оған жұмсалған шығынды да ақтамайды.
"Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жақын маңдағы аудандармен сабан дайындау және жеткізу бойынша келіссөз жүргізуде. "Павлодар" ӘКК АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құру жоспарлануда", – деді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев.