Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түскеніне назар аударды. 

"Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз", – деді президент.


Оқи отырыңыз:


Мемлекет басшысы бұл орайда рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі теке-тірестерден шығу жолын көрсететінін айтты.

"Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.