20 сәуір күні президент "Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны (175-конвенция) ратификациялау туралы" заңға қол қойды. Оған сәйкес, жарты күн жұмыс істейтін қызметкерлердің құқығы толық жұмыс уақытында еңбек ететіндермен теңестірілді. Яғни, олар басқа қызметкерлер сияқты еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, ана құқығын қорғау заңдарымен қорғалады. Жыл сайынғы ақылы демалысқа да шыға алады.

31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасының мәліметінше, 2021 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда 470 мыңға жуық адам толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істегені анықталды. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан да аз уақыт еңбек еткен. Көбі – ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларының қызметкерлері.

"Конвренция тәртібі жекелеген жұмыскерлердің санаттары мен кәсіпорындарын қоспағанда экономиканың барлық салаларында қолданылады. Дегенмен конвенция кейбір салаларда қолдануды қажет етпейді. Олар, мәселен, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары қызметкерлері. Олар толық емес күн жұмыс істейтін болса, оларға бұл конвенция қолданылмайды", – деп түсіндірді ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары Қымбат Әлиақбарқызы.   


Оқи отырыңыз: 


Конвенцияны өзгерту мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейді және үлкен шығынға алып келмейді. Кадрлар бөлімі мамандардың пікірінше, конвенция әлемдік стандарттарға жол ашады.

"Бұл толық уақытта жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін жақсы шешім. Олар осы арқылы өзіне ыңғайлы режимде жұмыс тауып, жақсы айлық ала алады", – деді кадр маманы Виктория Серебренникова.

Жарты күн жұмыс жасаған адам мен тәулігіне 8 сағат жұмыс жасаған адамның еңбекақысы бірдей болмайды. Еңбекақы жұмыс сағатына қарай есептеледі.