Қазақстанда аяқ киімдерді таңбалау басталмай жатып, тауар бағасы күрт көтерілді. Қазірдің өзінде сатушылар етіктердің әрқайсына кем дегенде 5 мың теңге қосып сатып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Кәсіпкерлер тауар таңбасын енгізу бағаның өсетініне әкелгенін ашық айтып, наразылығын білдіруде. Олардың сөзінше, қоймадағы тауарды таңбалап, жүйеге енгізу үшін қосымша адам жалдау керек. Сондай-ақ, қосымша арнайы құрылғыларды сатып алу қажет. Бұл шығындар тауар бағасына қосылады.

"Бірден қыспаққа алып, өзгеріс жасау тек мен үшін емес, басқа да сатып алушылар мен тұтынушылардың арасында үлкен ауыртпашылық тудырып отыр", – дейді кәсіпкер Маусым Шәкім.


Оқи отырыңыз:


Бұл мәселеге қатысты жауапты министрлік алдағы күндері түсініктеме беретінін хабарлады. Бір анығы, аталған өзгеріс аяқ киім саудасындағы көлеңкелі бизнесті жоюға бағытталған. Кедендік рәсімдеуден сырт айналып келетін тауарлар арзан әрі сапасыз. Сондықтан мұндай бұйымдардың нарыққа шығуына тосқауыл қойылуы керек.

"Осы олқылықтарды болдырмау мақсатында және отандық өндірушілердің бәсекелестігін арттыру мақсатында осы жаңа механизм енгізіліп отыр. Механизмнің жүзеге асуы толық электронды форматқа көшірілген", – деді "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев.

Әзірге қоймадағы тауар таңбасы енгізілмеген аяқ киімдердің ішкі нарықта сатылуына 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін рұқсат бар.