Шымкентте көшенің қақ ортасында жанжал шығарып, екі адамды пышақтап, бір адамды ұрлап кеткен күдіктілер ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру мен бұзақылық қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен төрт ер адам анықталып, қолға түскен.

"Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", – делінген ресми хабарламада.

Аталған факті бойынша "Адам өлтіру", "Бұзақылық" және "Адамды ұрлау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу және өзге де жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.

Айта кетейік, оқиға салдарынан 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.