Шымкенттегі адам өліміне әкелген жанжал: қылмысқа қатысы бар төрт күдікті ұсталды

Видео скрині
Видео скрині
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторында.

Шымкентте көшенің қақ ортасында жанжал шығарып, екі адамды пышақтап, бір адамды ұрлап кеткен күдіктілер ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру мен бұзақылық қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен төрт ер адам анықталып, қолға түскен.

"Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", – делінген ресми хабарламада.

Аталған факті бойынша "Адам өлтіру", "Бұзақылық" және "Адамды ұрлау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу және өзге де жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.

Айта кетейік, оқиға салдарынан 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.

Серіктестер жаңалықтары