Шымкентте 13,8 млрд теңге бюджет қаржысына Конгресс-холл салынады
Жоба 2023 жылға дейін қаланы дамыту мен салудың кешенді жоспары негізінде жүзеге асырылмақ.Миллион тұрғыны бар оңтүстік қаланың құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алу порталында Конгресс-холл салу үшін ашық конкурс жариялады, деп хабарлады Inbusiness.kz сайты.
Лотта нысан Шымкент-сити ауданында салынатыны көрсетілген. Жобаның жалпы құны 13,8 млрд теңгеге бағаланып отыр. Аталған сома екі жылға бөлінеді:
- бірінші жылға – 871 978 012,93 теңге;
- екінші жылға – 12 956 717 530,07 теңге.
Техникалық ерекшеліктерге байланысты алдын ала жалпы соманың 30%-ы төленеді. Кепілдік мерзімі 60 ай болып белгіленіп отыр.
"Жеткізуші құрылыс кезінде ұлттық және халықаралық стандарттарды ескеруі тиіс. Ал ұлттық және халықаралық стандарттар белгіленбеген жағдайда заңнамалық тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жұмыстарды орындау талап етіледі", – деп жазылған техникалық сипаттамада.
Оқи отырыңыз: Шымкент қалай өседі? Үкіметте мегаполисті дамыту жоспары талқыланды
Құжаттамада көрсетілгендей, жоба мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады.
"Аталған инвестициялық жобаның мақсаттары мен міндеттері Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында көрсетілген "Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы" ММ миссиясына толық сәйкес келеді. Атап айтқанда: туристік саланы дамыту үшін жағдай жасау, қоғамдық-мемлекеттік іс-шаралар өткізу, беделді саяси форумдар өткізу, тақырыптық фестивальдар, конференциялар мен концерттер өткізу", – делінген жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасының қорытындысында.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау 2021 жылғы 10 шілдеге дейін жалғасады. Айта кетейік, бұл жоба Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі дамуы мен құрылысының кешенді жоспарына енгізілген.