Тікелей эфир

Шымкент қалай өседі? Үкіметте мегаполисті дамыту жоспары талқыланды

Сурет youtube.com сайтынан алынды
Сурет youtube.com сайтынан алынды
Шымкентте қандай құрылыс жоспарланған? Рұқсатсыз митингіде ұсталғандар саны қанша? Журналистердің жұмысына кедергі жасағандар ұсталды ма?

2019 жылы 9 шілде күнгі Үкімет отырысында Шымкент қаласын дамыту жоспары талқыланды.

Премьер-министр Асқар Мамин:

– Шымкент қаласы – Қазақстанның мәдени, сауда-саттық өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Қала xалқының саны 1 миллионға жеткенде Елбасы Шымкентке республикалық маңызы бар қала статусын берді. Осы ретте Үкімет пен қала әкімдігіне Шымкентті дамыту мен құрылыс салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылған болатын, – деді.

Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі жобасы таныстырылды

– Кешенді жоспар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 2019 жылдың 29 сәуірінде Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты.

Жоспар 10 бағыттан және 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді.

Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі немесе 65%-ы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.


Ғабидолла Әбдірахымов

Ғабидолла Әбдірахымов / Сурет informburo.kz


Ғабидолла Әбдірахымов жоғары сапалы әуежай терминалы, заманауи спорт кешендері мен мәдени орталықтар және мектептер салу жоспарланғанын жеткізді.

Шымкент қаласын 2020 жылы "Түркі дүниесінің мәдени астанасы" атап, түрлі мәдени шараларды өткізбек.

150 шақырымдық велосипед жолы жасалып жатыр

– Адамдардың автокөліктермен қабаттасып жүруі қауіпті. Сол үшін арнайы велосипед жолын салып жатырмыз. Сонда халықтың бір бөлігі болашақта велосипед теуіп жүретін болады, – деді қала әкімі.

Әкім өзінің үнемі болмаса да Винокуров тарту еткен Вин маркалы велосипедіне отыратынын айтты. Кейде қаланы аралап, тыныс-тіршілікті қадағалауға тырысатынын жасырмады.

Happy land отбасы ойын-сауық кешені салынады

Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов хабарлады.

Әкімінің айтуынша жоба құны мөлшермен 100 миллион долларға жуық. Оны Непалдың бірінші миллиардері Бинод Чаудхари жүзеге асырмақ.

– Қазір қаланың Ташкентке шыға берісінен 100 гектар жер қарастырылып жатыр. Алдағы 13 шілдеде Непалдық инвесторлар келіп, жоба туралы тағы да талқы болады. Сонымен бірге Дубайдағы ойын-сауық кешені негізінде жоспарлар жасалып жатыр, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Әкімнің айтуынша, жобаны іске асыруға 2 жыл уақыт кетеді.

Бинод Чаудхари – Непалдық миллиардер. Chaudhary Group (CG Global) корпорациясының иесі. Байллығы 1,7 млрд долларға жеткен. Негізгі кіріс көзі – тез дайындалатын кеспе жасап сату. 122 елде өндірісін ашқан. 2018 жылдан бері Түркістан облысының Қазығұрт ауданында тез дайындалатын кеспе шығаратын зауытты сала бастады.

Қалада үшінші жылу-электр стансасы газға өтеді

Ғабидоллы Әбдірахымовтың айтуынша, отандық компаниялар да қала дамуы үшін белсенді жұмыстар атқарып жатыр.

Мәселен "RG Brands" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаланың үшінші жылу-электр стансасын толықтай газға көшірмек. Газ-турбина стансасын салуға 500 млн доллар қаржы бөлген.

"Шымкентте қыздар өздерін алып қашуға келіседі"

Қала әкімі мұнда "қыз ұрлаудың" жиі болатыны туралы сұраған журналистерге осылай деп жауап берді.

Қала әкімінің айтынша қыздардың өздері солай "ұрлап" алып кетуге келіседі немесе "алып қашып кетсе екен" деп тұрады. Әрине, заңсыз адам ұрласа, жазаға тартылатыны белгілі.

Заңсыз митингтегі бетперделі адамдар неге ұсталмайды?

Бұл сауалға ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жауап берді.

6 шілдеде кешке Нұр-Сұлтандағы және Алматыдағы наразылық шарасы кезінде журналистердің жұмысына кедергі келтіріген бір топ адам байқалған. Олар журналистердің құралдарын сындырған және беттеріне газ шашқан. Алайда олардың ұсталмағаны журналистердің ренішін тудырды.

– ҚР Бас Прокуратурасы рұқсатсыз, заңсыз митинг өткізбеуге шақырып, алдын ала ескерту жасады. Соған қарамай митинг ұйымдастырушылар және қатысушылар жауапқа тартылып жатыр. Олар Алматы қаласында және Нұр-Сұлтан қаласында үлкен жолдарды жауып, халықтың қалыпты демалысына нұқсан келтірді, – деді.


Ерлан Тұрғымбаев

Ерлан Тұрғымбаев / Сурет informburo.kz


Ал журналистердің наразылығына орай бейнежазбалардағы белгісіз адамдардың ісін қайта тексеретінін айтып қалды.

"Заңсыз митингіге қатысқан жүзден астам адам ұсталды"

Ерлан Тұрғымбаев осылай деді. Ол:

– Полицейлерлер рұқсатсыз митингіге қатысқан 100-ден астам адамды ұстады. Соның ішінде 44 адам әкімшілік жазаға тартылды, 19 адамға әкімшілік шектеу қойылды, 23 адамға айыппұл салынды. Басқа адамдар әңгімелескеннен кейін босатылды, – деді.

Министр митингке xалықты үгіттеген екі адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Дәурен Абаев журналистердің құқын қалай қорғайды?

Журналистер Ерлан Тұрғымбаевқа қойған сауалды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа да қойды.


Дәурен Абаев

Дәурен Абаев / Сурет informburo.kz


Бұл туралы Дәурен Абаев:

– Ол туралы алдымен полицияға арыз жазу керек. Біз оны соңына дейін тексерткіземіз, – деді.

Министр барлық мәселені заңды жолмен, сотқа жүгініп шешуді ұсынып отыр.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары