Судан туған шу: Жамбыл облысының өрісінде мал өлексесі көбейген
Алайда Сарысу ауданының әкімдігі өрісте өлген мал туралы ресми дерек жоғын айтады.Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының шаруалары алты жылдан бері қуаңшылықтан малдары қырылып жатқанын айтып, Үкіметтен мәселенің мән-жайын анықтауды сұрады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Шаруалар су болмаған соң шабындықта орарға шөп таппай қалдық дейді. Құрғақшылықтан жайылым да қураған. Жайылым жер болмаған соң өрісте өлген мал өлексесі көбейген.
"Соңғы екі жылда Досбол округінде 300-400-дей ірі қара өліп қалды. Оған су келмегеннен кейін неше түрлі мал ауруының тарауы себеп болып отыр", – деді Досбол ауылының тұрғыны Талғат Маханов.
Оқи отырыңыз: Шаруаларға арналған субсидия: 1 ақпаннан бастап қалай өтінім беруге болады?
Осы ауылдың тұрғыны Пернебек Алтынбеков жайылымға кеткен мал жейтін ештеңе болмаған соң ерте оралатынын айтып отыр.
"Алты жылдан бері судан таршылық көріп отырған тұрғындар қуаңшылық қолдан жасалды дейді. Аудан басшылығы жағдайды білсе де, шаруалар шағым айтпаған соң іске кіріспеген. Ал өрісте өлген малдан ауру тіркелмегенін айтады", – деді арна тілшісі.
Сарысу ауданы әкімнің орынбасары Қайрат Аманов Талас өзені бойындағы "Ойық су" торабынан кейінгі орналасқан су реттегіш құралдарды Сарысу ауданына дейінгі орналасқан "ҚазСуШар" республикалық мемлекеттік кәсіпорынына – Жамбыл филиалы теңгеріміне беру бойынша құжаттар дайындалып жатқанын айтып отыр. Одан басқа амал жоқ дейді әкімдік. Ал шаруалар мәселені кім шешсе де, ертерек шешілгенін күтеді.