Су үнемдеу технологиясы: Алматы облысында суару мәселесі қалай шешіліп жатыр
Облыс әкімдігі су үнемдеу технологияларынан бөлек өңірде қандай инвестициялық жобалардың іске қосылғанын хабарлады.Алматы облысы әкімдігі жаңадан құрылған 7 индустриялық аймақтың қанша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін және осы аймақтардағы зауыттардың не өндіретінін түсіндірді. Өңірде технологияларға қажет құрал-жабдықтар бағасын арзандату үшін Қытаймен бірлескен зауыт ашылған. Мұнымен қатар, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өңірге қандай су үнемдеу технологиялары енгізілгенін айтты.
"2023 жылы су үнемдеу технологиялары 20,5 мың гектар алаңда (тамшылатып суару – 9,6 мың гектар, шашырату – 10,9 мың гектар) немесе суармалы алқаптардың 7,6 пайызында (270,5 мың гектар) қолданылды. Ал 2024 жылы 50 мың гектарға (тамшылатып – 24 мың гектар, жаңбырлату – 26 мың гектар) озық технологиялар енгізілді және алдағы уақытта осы көрсеткішті 70,5 мың гектарға (суармалы алқаптардың 26,1%) дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жабдық бағасының құнын төмендету үшін Қытай Халық Республикасымен бірлесіп, осы технологияның құрамдас бөліктерін шығаратын зауыт іске қосылды", – делінген Алматы облысы әкімдігінің хабарламасында.
Сондай-ақ, өңірде шетелдік және қазақстандық инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ұсыну үшін индустриялық аймақтар құрылған. Осы аймақтарға кіретін зауыттар жемістерден түрлі өнім жасаудан бастап әртүрлі бұйымдар шығарумен айналысады.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан – Қытай" форумында 629 миллион доллардың келісіміне қол қойылды
Инвесторларды тарту және облыста жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды орналастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жалпы ауданы 2 119,3 гектар болатын 7 индустриялық аймақ құрылып жатыр. Олар:
- "Береке" – 27 гектар;
- "Қайрат" – 198,3 гектар;
- "Шелек" – 244 гектар;
- "Қазбек бек" – 900 гектар;
- "Тасқарасу" – 120 гектар;
- "Сұңқар" – 120 гектар;
- "Жібек жолы" – 510 гектар.
Осылардың ішінде "Береке" мен "Қайрат" инженерлік инфрақұрылыммен толықтай жабдықталған. "Береке" аумағында жыл сайын 25 мың тонна қайта өңдеу қуаты бар Fruit Art жеміс-көкөніс өнімдерін шығаратын сублимациялық зауыт салынды. 42,8 миллиард теңге инвестиция салынған зауыт 247 адамға жұмыс орнын ұсынып отыр.
"Қайрат" индустриалдық аймағына 19 компания кіреді. Оның ішінде төртеуі қазір жұмыс істеп тұр:
- Қуаттылығы жылына 1080 тонна болатын SAFA Industrial ЖШС шойын бұйымдарын шығарады. 1,3 миллиард теңге инвестиция құйылған зауыт 20 жұмыс орнын ұсынады.
- Қуаттылығы жылына 6 мың тонна болатын QazMetProduct ЖШС болат сым өндіреді. 359,1 миллион теңге инвестиция құйылған зауытта 60 адам жұмыс істейді.
- Оқшаулау материалдарын шығаратын "ТехноНиколь" ЖШС іске қосылып жатыр. 104,4 миллиард теңге құйылған зауытта 1521 адам жұмыс істейді.
- SUNLONG ЖШС тау-кен жабдығына арналған бронь өндіреді.
Оқи отырыңыз: Алматыны ауыз сумен қамтамасыз ету үшін биыл 20 млрд теңге бөлінді
"Қалған 15 нысанды іске қосуға 79,4 миллиард теңге жұмсалмақ. Олар 1144 жұмыс орнын ұсынады. "Шелек" және "Қазбек би" индустриялық аймақтары бойынша ҚЭН мен ЖСҚ әзірлеу аяқталуға жақын", – делінген Алматы облысы әкімдігінің хабарламасында.