Биыл 70 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Соған орай білім министрлігі соңғы қоңырау және мектеп бітіру кешін өткізуге қатысты сұрақтарға жауап берді.

"Жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда "Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма?" деген сұрақ туындайды. Біздің ұстанымымыз – иә, рұқсат. Бұл жақсы дәстүр ғой", – деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Соңғы қоңырау ертең, 25 мамырда соғылады. Биыл оған ата-аналардың қатысуына рұқсат беріліп отыр. Ал аттестатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.


Оқи отырыңыз: "Дүкендегіден әлдеқайда қымбат". Білім министрі мектеп асханасына қатысты 4 мәселені атады


Білім министрлігінің талабы бойынша, мектеп бітіру кешін білім беру ұйымы өзі ұйымдастырып, өткізуі керек. Бірақ, келесі аталғандарға рұқсат жоқ:

  • аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тарту;
  • мерекелік дастархандар жаю;
  • жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, экскурсия өткізу;
  • мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін қаражат жинау;
  • ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыру.