Еуропалық одақ биылғы 12 қазаннан бастап Шенген аумағына кіру мен шығуды тіркеудің цифрлық жүйесін (EES) іске қосты. Сәйкесінше, енді Еуропалық одақ елдеріне кірмейтін ел азаматтарының да паспортына мөр басылмайды деген сөз. Жаңа жүйе кедендік бақылауды жеңілдетіп, кезекті азайтуға бағытталған. Дегенмен, EES жүйесі Еуроодақ елдерінің бәрінде бір уақытта іске қосылмайтындықтан, жаңа тәртіп әуе компаниялары мен жолаушылардың дайындығын қажет етеді. 

SITA шекаралық бақылау жөніндегі директоры Энди Смиттің айтуынша, EES кіру/шығу жүйесі – соңғы онжылдықтарда Еуропа әуежайларында қолға алынған ең ауқымды операциялық өзгерістердің бірі. Енді шекара қызметтері биометриялық деректерді жинап, төлқұжаттарды тексеріп, ЕО-ға кірмейтін елдердің азаматтарын бірыңғай орталықтандырылған базаға тіркеуі тиіс. Бұл әуежайлар үшін жолаушылар ағынын қайта ұйымдастыруды қажет етеді. Жаңа тексерулер жолаушылардың ұзын-сонар кезектерде тұрып қалуына немесе түйісетін рейстеріне кешігіп қалуына алып келмеуі қажет. 

"Жүйенің кезең-кезеңімен іске қосылуы алғашқы апталардағы жүктемені азайтуы мүмкін, бірақ бұл белгілі бір дәрежеде белгісіздік тудырады: барлық еуропалық әуежайларда EES бір мезгілде енгізілмейді. Сондықтан жолаушыларды, әуекомпанияларды және әуежайларды енгізу мерзімдері туралы алдын ала хабардар ету және EES алдын ала тіркеуге арналған қосымшаларды (олар қолжетімді болған жерде) пайдалануды ынталандыру аса маңызды", – деді Энди Смит.  

Жүйенің сәтті енгізілуі үкіметтер, әуежайлар мен технологиялық серіктестердің өзара тығыз жұмыс істей алуына да байланысты – нормативтік талаптарды нақты, ыңғайлы шешімдерге айналдыру маңызды. Мысалы, біздің шекаралық бақылау жүйеміз әлемнің 75-тен астам елімен бірлесіп әзірленген технологияларға негізделген. 

Ол Еуроодақтың орталық платформасына тікелей қосылып, жолаушыларға биометриялық деректерін өздігінен қызмет көрсететін киоскілер мен автоматтандырылған электронды қақпаларда жылдам тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл кезектерді қысқартады және шекарашыларға шынайы маңызды тексерулерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.