Сенат депутаты музыкалық аспап шеберлеріне кәсіби мәртебе беруді сұрады
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі музыкалық аспап жасайтын шеберлердің мәселесін көтеріп, оларға кәсіби мәртебе беріп, салық жеңілдіктерін қарастыруды сұрады.
Сенатордың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен домбыра күні енгізілгеннен кейін елімізде ұлттық аспапқа айрықша құрмет көрсетілуде. Керемет күйшілер мен әйгілі әншілер түрлі жоғары марапаттарға ие болып жатыр.
"Әйтсе де домбыра жасаушылар мемлекет назарынан тыс қалып келеді. Мәселен біз Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Әбікен Хасеновті білеміз, ал солардың ғажап домбырасын жасаған, "қазақтың Страдивариі" атанған Қамар Қасымовты ұмыттық. Сол сияқты, Нұрғиса Тілендиев пен Секен Тұрысбековтің шанағынан күй күмбірлеген керемет домбырасын жасаған ағайынды Романенколарды немесе ұлттық аспаптарды қайта жаңғыртқан Болат Сарыбаевты былайғы жұрт біле бермейді", – деді Дархан Қыдырәлі.
Сенатордың сөзінше, қазіргі халық әртістері мен танымал өнер майталмандарының қолындағы аспаптар – шебердің қолтаңбасы. Жеке орындаушылар, филармониялар, этно-ансамбльдер мен оркестрлер – бәрі шебердің еңбегіне сүйенеді. Алайда олар "қолөнерші" деген кең категорияның көлеңкесінде қалып, марапат пен қолдаудан тыс қалып келеді, көбінде тіпті төсбелгі де жоқ.
"Соңғы жылдары президент тапсырмасына сәйкес мектептерде домбыра пәні оқытыла бастады. Жастар арасында домбыра тарту жақсы үрдіске айналып келеді. Олардың ұлттық аспапқа деген қызығушылығын төмендетіп алмау үшін оқу орындарындағы домбыра сапасына мән беру керектігі белгілі. Бұл ретте мәселе жеткілікті. Тендер ұтып алғандар көрші елдерде жасалған сапасы сын көтермейтін арзан домбыраларды өткізеді. Оны сарапшылар бақыламайды, стандарты бекітілмеген. Сонда біз "ұлттық брендіміз" деп жүрген домбыраны да шеттен әкелеміз бе", – деді Дархан Қыдырәлі.
Сенатор осы орайда бірқатар ұсыныстарын бөлісті:
- "Музыкалық аспап шебері, ұста" сияқты ұлттық кәсіби мәртебе енгізу;
- Шеберхана-зертханаларды жаңғырту, аспаптанумен айналысатын зерттеу орталығын ашу;
- Ұлттық регистр, аспапқа арналған акустикалық паспорт, материал-өңдеу стандартын, реставрация кодексі, сертификаттау жүйесін енгізу;
- Арнайы музыкалық аспап шебері мамандығын ашу;
- Ұстаз бен шәкірт шеберлерді гранттық тұрғыда қолдау;
- Салық жеңілдіктерін қарастыру;
- Арнайы ведомстволық марапат енгізу;
- Қамар Қасымов атындағы республикалық музыкалық шеберлер конкурсын өткізу.