Сазсырнай мен домбыраға қызығушылар көп: IFLA конгресінде қолөнершілер 15 млн теңге табыс тапты

Фото: Kazakh Tourism
Фото: Kazakh Tourism
4 күнде шетелдіктер 3 мыңға жуық бұйым сатып алды.

Қазақстандық шеберлер мен қолөнершілер Астанада өткен IFLA-ның 89-шы Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресінде өз жұмыстарын таныстырып, шамамен 15 млн теңге табыс тапты. 4 күнде әлемнің 114 елінен келген шетелдік делегаттар 3 мыңға жуық бұйым мен кәдесыйлар сатып алды, деп хабарлады Kazakh Tourism.

Шебер Ермек Кәрімнің сөзінше, делегаттар арасында біздің ұлттық аспабымыз сазсырнай ерекше танымал болған. Ол 4 күнде 100-ге жуық аспап сатып, шетелдіктер қазақ мәдениетінің бір бөлшегін әлемнің түкпір-түкпіріне әкетті. Қолөнерші он жылдан астам уақыт бойы ағаш өңдеумен айналысып, ұлттық бұйымдар жасайды. 

"Алып жүруге ыңғайлы сазсырнай – шетелдік қонақтар жиі сатып алған және көп қызығушылық танытқан ұлттық аспап. Қамшыларға, ағаш табақтарға да сұраныс жоғары болды. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың Қазақстанда өтуі шеберлерге үлкен мүмкіндік ашады. Өзіміз жасаған бұйымдарды сату арқылы өзімізге, елімізге пайда әкелеміз", – деді Ермек Кәрім.

Фото: Kazakh Tourism

Қолөнерші Мереке Әшімова тастардан зергерлік бұйымдар жасайды. Оның айтуынша, шетелдік қонақтар тек кәдесыйларға ғана емес, ұлттық аспаптар мен киімдерге де қызығушылық танытқан. 

"Әдетте бұйымдарды жасап, оны сататын жер іздеп қиналамыз. Себебі сауда орындары жалдаудың қымбат құнын сұрайды. Сондықтан біз осындай ауқымды шараларға мұқтажбыз. Шетелдіктер біздің бұйымдарға үлкен қызығушылық танытты. Мен қайда жүрсем де өз домбырамды бірге алып жүремін. Бұл ұлттық аспабымызды саудаға ұсынған жоқпыз. Бірақ шетелдіктердің сұрауымен арнайы тапсырыс беріп, Нидерландыдан және АҚШ-тан келген делегаттар өздерімен домбыра алып кетті. Ал италиялық мейман үстімдегі шапанды сатып алуға да ниет білдірді. Мен төрт күнде 2 мың доллар көлемінде табыс таптым", – деді шебер. 

Конгресті Қазақстанда өткізу құқығы Kazakh Tourism, Астана туризм және ҚР ЖОО кітапханалар қауымдастығы бірлесе дайындаған өтінім негізінде берілді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары