Саясаткер шенеуніктердің шығысы мен табысын бақылау жемқорлықты азайтатынын айтты
2025-2026 жылдары Қазақстан азаматтарының бәрін кірісі мен шығысы туралы декларация тапсырады.Қазақстанда бір жыл ішінде шенеуніктердің шығысы табысынан 3 млн теңгеден асып кетсе, фискалдық санкция қаралады. Яғни артқан соманың 90 пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Осы орайда арна эфирінде сұхбат берген саясаткер Азаматхан Әміртай ұсынылып отырған заң жобасының жемқорлыққа тоқтау болатынын айтады.
"Бұлай қадағалау міндетті түрде жемқорлыққа тоқтау болады. Ең бастысы – кіріс пен шығысты санап отыру. Бүгінгі күні шенеуніктердің шығыны өте көп, ал табысы аз. Ол ақшаны қайдан тауып жатыр? Бұл жемқорлықтың алдын алу тәрбиесін жүргізе алатын заңнама деп ойлаймын", – деді саясаткер.
Оқи отырыңыз: Сенат Қазақстанның АҚШ-тағы азаматтарының шоты туралы ақпарат алуына мүмкіндік беретін заңды мақұлдады
Азаматхан Әміртай 2025-2026 жылдары елдегі барлық азаматтың кіріс-шығысы туралы декларацияны тапсыруы да жемқорлықтың алдын алуға көмектесетінін айтты.
"Егер барлық азамат табыс тауып, салығын төлеп, теңгерім орнатса, онда ол өзін заңға бағынатын адам ретінде көрсетеді. Бұл жерде заң барлық азаматқа ортақ болуы керек. Сондай-ақ, осы 3-4 жыл ішінде халық бұған дайындалуы керек. Бұл үшін мемлекет тарапынан шаралар қажет", – деп түсіндірді саясаткер.
Еске салсақ, шенеуніктер мен әкімдердің табысының жіті тексерілетіні туралы хабарлаған едік. Халық қалаулылары мемлекетке 48 теңгеден бастап 56 мың теңге аралығында берешек екен.