Мәжіліс депутаты Айдос Сарым парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін 15 желтоқсанда БҰҰ Ресейге байланысты қабылдаған қарар туралы пікір білдірді. Журналистердің "Қазақстан Ресейдегі соғысты тоқтатуға қарсы шыққан. Осы біздің қарсы шығуымыз қаншалықты дұрыс болды?" деген сұрағына мәжіліс депутаты "Шарасыздық" деп жауап берді. 

"Бұл – дипломатиялық ойын дейміз, басқа дейміз, бірақ біздің елдегі, біздің елдің ішіндегі жағдайды, көршілеріміздің мәселесін ескеруге мәжбүр екенінің көрінісі. Кез келген адам сыртқы істер министрі болса, бір аптадан соң ол да барлық жағдайды түсінген кезде, дәл солай дауыс берер еді", – деді ойын әрі қарай жалғаған депутат.

Айдос Сарым дауыс беруден үнемі қалыс қала беру де дұрыс емес екенін айтады. Айтуынша, ол одақтастықтың көрінісі емес.


Оқи отырыңыз: Ақпарат министрі Қазақстанды Ресей пропагандасынан қорғау жөнінде пікір білдірді


"Ирандағы, Ресейдегі жағдайды алайық. Біз ең алдымен өз еліміздің мәселесін қарастырамыз. Неге Иран әйелдерін қолдамағанымызды сұрап жатыр. Қазір КТК құбырына санкциялық әсерлер бар, Босфор мәселесі шықты дегендей. Қазақстан резолюцияны қолдаған күнде де, бұл бірдеңені өзгертетін еді деп ойламаймын. Біз қазір Иран арқылы мұнайдың жаңа сауда маршрутын құрғалы отырмыз. Бұл – біздің зейнетақымыз, еңбекақымыз, жолдарымыз. Әрине, Иран әйелдерін рухани, моральды тұрғыда қолдай аламыз. Бірақ, біздің бірінші міндетіміз – біздің әйелдерді қолдау. Олардың еңбекақы алуы, жолдардың салынуы, жылы жерде өмір сүруіміз. Менің ойымша, бұл адамгершіліктің жоғары деңгейін танытатын жағдай емес. Өкінішке қарай, бұл жерде жағдай басқаша", – деді депутат.

Еске салайық, 15 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейді Украинадағы соғысты тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін резолюция жариялады. Құжатқа 82 ел қолдап дауыс берген, 14 ел қарсы шыққан, 80 мемлекет қалыс қалған.