Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Самат Әбіштің билікті асыра пайдаланғаны үшін 8 жылға шартты түрде сотталғанын растады.

"Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан А.-ны белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте ҚК-нің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген", – делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз хабарламасында.


Оқи отырыңыз: "Пробациялық бақылауда": ІІМ басшысы ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің шартты түрде сотталғанын растады


"Құпия" белгісін ескере отырып, сот отырыстары жабық форматта өткен.

"Сот үкімімен А. ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы етілді. Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. ҚР ҚК 49-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот Қазақстан Республикасының президентіне арнаулы атағынан және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады", – делінген ресми хабарламада.