Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұл ақпаратты мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов растады.
"Үкім мәселесі судьялардың еншісінде. Біздің құзырымыз бойынша бұл азамат қазір пробациялық бақылауда. Тәртіп бар: оның кетуге құқығы жоқ, яғни шартты түрде ол өзінің тұрғылықты жерінің аумағында тұрады. Сот үкімінде мұның бәрі көрсетілген, яғни ол елден шықпауы керек, осында тұрғылықты жерінде қалуы тиіс", – деді Ержан Сәденов.
Наурыздың 19-ы күні Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Facebook парақшасында қаңтар оқиғасы бойынша Самат Әбіштің шартты түрде сегіз жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.
2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Тергеу 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде билікті және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Оқи отырыңыз: Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды
2024 жылдың қаңтарында Самат Әбішке қатысты істі тергеу аяқталды. Бас прокуратура оның ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билігі мен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалғаны, ол Қазақстанда екені белгілі болды. Істің басқа да мәліметтері құпия болып қалмақ.