Шала туған балалардың зағип боп қалуының алдын алу: Скрининг қандай нәтиже берді
Қазақстанда шала туылған балалардың зағип болып қалу қаупін төмендету мақсатында неонаталдық скрининг жасау жолға қойылған. Бұл скрининг жаңа туған балалардың бәріне дерлік жасалады. Оның қамту көрсеткіші 98 пайыздан астам. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.
Министрдің деректеріне сүйенсек, неонаталдық скрининг нәрестелердің ретинопатиясы қаупі бар, шала туған 6225 балаға жасалған. Нәтижесінде, сырқат белгілері олардың 17 пайызында, яғни 1086 балада анықталған. Олардың 399-ы жедел ем алды.
"Нәрестелердің ретинопатиясы бар шала туылған балаларға стационарлық жағдайда мамандандырылған көмек перинаталдық және офтальмологиялық көмек көрсететін үшінші деңгейдегі босандыру ұйымдарында, көпсалалы медициналық ұйымдарда және ғылыми мекемелерде көрсетіледі. Үшінші деңгейдегі медициналық босандыру ұйымдары НР скринингі үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған. Олар – диагностикалық линзалары бар маңдай бинокулярлық офтальмоскоп, ішінара педиатриялық ретинальды камералар және шала туған нәрестелердің белсенді ретинопатиясының көрсеткіштері бойынша ретинальды лазерлік коагуляцияны жүргізуге арналған лазерлік қондырғылар", – делінген министрдің жауабында.
Балалардағы витреоретинальды операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында, Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханада нәрестелерде ретинопатия болған жағдайда ерте витрэктомия жүргізіледі.