Республика күніне орай табысы аз астаналықтарға 4,5 АЕК мөлшерінде көмек беріледі
Бұрын астаналықтар бұл көмекті 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күніне орай алатын.Астана қаласының әкімдігі әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаға өзгерту енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, өзгертулер саны екеу:
- Табысы аз азаматтарға 4,5 АЕК мөлшеріндегі көмек бұрын 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күніне орай беріліп келсе, енді 25 қазан – Республика күніне орай үлестіріледі. Бұл көмекті алу үшін Астана тұрғындарына өтініш берудің қажеті жоқ. Көмек алатын азаматтардың тізімін Астана қаласының әкімдігі әзірлейді. Көмек мөлшері 2023 жылы 15 525 теңгені құрайды.
- Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек мөлшерінің жоғарғы шегі 13 АЕК-тен 20 АЕК мөлшеріне (2023 жылы – 69 мың теңге) дейін арттырылды. Ал нақты көмек мөлшері өтініш берушінің шығындарының негізінде анықталады.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы зейнетақы мен жәрдемақы қанша теңге болады?
Еске салайық, екінші тармақ бойынша көмекті келесі санаттағы азаматтар алады:
- егде жасына, ауруына, мүгедектігіне байланысты өзіне күтім жасай алмайтындар;
- дене не ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;
- әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектеулі адамдар;
- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар;
- пробация қызметінің есебінде тұрғандар.
Құжат жобасы Ашық НҚА порталында 29 желтоқсанға дейін қоғам талқысына ұсынылған.