Қызылорда маңындағы Талдыарал ауылында малдар белгісіз аурудан қырылып жатыр. Ауырған ірі қара малдың көзі мен ауызы қанталап, бір тәулікке жетпей өліп қалады. Тұрғындардың дерегінше, бір аптада 20 шақты мал қырылған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Талдыаралда белгісіз індет тарағалы айға жуық уақыт өтсе де, тұрғындар да, мамандар да кеселдің неден келгенін әлі күнге анықтай алмай отыр.

"Ауылда мал өліп жатыр. Не ауру екенін анықтау керек қой. Ол қайдан шықты. Бұл ветеринар дәрігерлер жұмысының салғырттығы, олар жұмыс істемейді", – дейді ауыл тұрғыны Болат Найманбаев.

Ветеринарларды айыптаған ауыл тұрғындары төрт түлікке уақытылы екпе салынбайтынын айтып отыр. Екпені қалтасы көтергендер ғана өз қаражатына салдырады екен.

"Уақытылы вакцина салынбайды, қан алынбайды не сырға салмайды. Соның кесірінен малымызды сата алмаймыз. Енді ауру тарағанда диагнозын да анықтай алмай отыр", – дейд тұрғын Дархан Ибрагимов.

Алайда ветеринарлар тұрғындардың "екпе салмайды" деген айыбымен келіспейді. Олар түрлі ауруға қарсы вакцина жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын айтады. Ал екпе салынбаған төрт түлік базаға тіркелмеген.

"Біздің зерделеу кезінде анықтағанымыз бойынша, 4 бас өлім-жітімге ұшыараған. Олар жайылымдық жерде орын алған. 2020 жылдан бастап тек төлді ғана енгізетін қылып қойды. Өйткені, осы уақытқа дейін ірі малдардың бәрі тіркелді деп есептеп отыр. Оның ішінде тіркелмей қалғандары болса, онда ол мал иелерінің өзінің кінәсі", – дейді Қызылорда қалалық ветеринарлық станциясының директоры Нұрлан Төлегенов.

Қазіргі таңда ауруды анықтау үшін зертханалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Оқи отырыңыз: