"Қызыл кітапқа кірмейді". Келесі жылы киік атудан спорттық аңшылық өтуі мүмкін
Киіктерді атуға 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған.Киіктердің санын реттеу мәселесі туралы нақты шешім қабылданған жоқ. Қазір қоғам өкілдерінен түскен ұсыныстарды қарастырып жатырмыз, деп мәлімдеді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.
"Көбі киіктерді атпай, оларды басқа өңірлерге күштеп көшіру туралы ұсыныс айтқан еді. Өкінішке қарай, ғылыми орта бұл ұсыныстың тиімсіз екенін айтты. Себебі киіктерді көшіру кезінде өлтіріп алу, көшірілген киіктердің кейін қайтадан табиғи ортасына қайтып келу ықтималдығы жоғары. Сол себепті бұл ұсыныс қабылданбады", – деп түсіндірді министр.
Серікқали Брекешев қазір Батыс Қазақстан шаруаларының киіктерге байланысты шағымы күн тәртібінен түскенін жеткізді. Себебі киіктер табиғи түрде ол аймақтан ауып кеткен. Сонымен қатар, күзде министрлік ғылым өкілдерімен бірге 500 киікті биологиялық анализ алу мақсатында ұстап, керекті сараптамалар алынғаннан кейін қайта жіберуді жоспарлап отыр.
Оқи отырыңыз: Сәкен Ділдәхмет: Киіктерден бөлек қасқырлардың азаюы үлкен мәселе болып отыр
Сондай-ақ министр келесі жылы ақылы аңшылық ұйымдастыру туралы ұсынысты қарап жатқанын жеткізді.
"Келесі жылы спорттық әуесқой аңшылық ұйымдастыру туралы ұсынысты қарастырып жатырмыз. Ол ақылы болады. Бұған дейін айтқанымыздай, қазіргі таңда киіктер Қызыл кітапқа кірмейді. Оларды атуға 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған. Қазан айының соңына дейін бұл мәселе туралы нақты шешім шығарылатын болады", – деді министр.