Құрылыс компаниялары терезе жақтауын қауіпсіздік құлпымен жабдықтауға міндеттелмек
Үкімет бұл ұсынысты Мәжіліс талқысына шығаруды жоспарлап отыр.Балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мақсатында құрылыс компанияларын тұрғын үйді салу кезінде терезе жақтауларын қауіпсіздік құлпымен жабдықтауға міндеттеу жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мәжіліс депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
Әзірге бұл ұсыныс тек үкімет ішінде талқылауда. Құзырлы мемлекеттік органдамен, президент әкімшілігімен келісілгеннен кейін ол мәжілістің қарауына енгізіледі.
Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдарға қауіпсіздікті арттыру бойынша тапсырма берілгені белгілі болды.
"Жұмыстарды күшейту шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға қауіпсіздік талаптарын сақтау және балалардың терезеден құлауына жол бермеу мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды", – делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?