Оқу-ағарту министрлігі Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары Щучинск қаласындағы "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру лагеріне келе бастағанын хабарлады. Қазірдің өзінде 11 оқушы лагерьге орналасқан. Олар осында білім алып, әрі емделеді. 

"Балдәуренге" баспанасы бүлінбеген, бірақ қауіпсіздік мақсатында өрт қауіпті аймақтардан көшірілген отбасылардың балаларына келуге мүмкіндік бар. Бұл үшін балалардың ата-аналарының рұқсаты керек. 


Оқи отырыңыз: Қостанайдағы өрт: елді мекендерге төнген қауіп сейілді


"Алматыдағы бастауыш сынып оқушыларына бағытталған "Бөбек" оқу-сауықтыру орталығы да бастауыш сынып оқушыларын қабылдауға дайын. Балаларға күнделікті мәселелерді шешкенге дейін осында сауықтырудан өтуге және лагерьдегі мектепке баруға ыңғайлы болады. Оларға қолайлы жағдай жасалған", – деді балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Қостанай облысындағы зардап шеккен балаларға көмек көрсету және оңалту мақсатында "Балдәурен" және "Бөбек" республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына жолдамалар ұйымдастырған болатын.