Қоғамдық әжетханада дәрет алып, аяғын жуған жан көпшіліктің ашуын туғызды. ҚМДБ не дейді
Сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде қоғамдық әжетханада дәрет алып, аяғын жуған жанның видеосы әлеуметтік желіде тарап, бұл көпшіліктің ашу-ызасын туғызған болатын.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасап, өз ұстанымын жария етті.
"Діни басқарма сенушілерді қоршаған ортамызды құрметтеуге, діни рәсімдерді орындау кезінде ерекше ұқыптылық танытуға және тазалықты сақтауға шақырады. Дәрет алу арнайы бөлінген жерлерде, оның ішінде намазханалардың жанында ғана орындалуы тиіс. Мұндай тәсіл айналадағы адамдарға деген құрметті көрсетеді және мұсылмандардың жоғары мәдениеттілігін сақтауға көмектеседі", – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, ҚМДБ елдегі намазханасы бар көптеген жерде дәрет алуға арналған арнайы орындардың жоқ екенін алға тартты.
"Осыған орай, халықтың басым бөлігін құрайтын мұсылман қауымының өтініштерін ескере отырып, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы сауда ойын-сауық орталықтарының басшыларына намазханалары бар ғимараттарда арнайы дәрет алу құрылғыларын орнатуды қарастыруға үндейді", – деп жазды ҚМДБ.