Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажыларды тасымалдау үшін қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар арасында конкурс жариялайды, деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясы королдігінің қажылық және ұмра министрлігінің арасында жасалынған келісімшартқа сәйкес, Қазақстан азаматтарына 4000 қажылық орны алынған. Алайда, ҚМДБ қасиетті сапарға ниет еткендердің арасында Flynas және Scat әуе компаниясы билетінің бағасына қатысты шағым көбеюіне байланысты байқау ұйымдастырғалы отыр.

Конкурс талаптары:

  • Авиакомпанияның "Қажылық – 2023" маусымында 4 мың қажыны тасымалдауға ниет білдіру туралы хат жолдау;
  • Қажылық маусымында Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабия королдігінің арасында тікелей авиамаршрутқа арналған куәлiктерінің және екі елдің авиациялық талаптарына сай лицензияларының болуы;
  • Авиакомпанияның А нүктесінен (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалалары) Б нүктесіне (Жидда, Мәдина қалалары) алып баруға және алып келуге ұсынылған билет құнын ұсыну;
  • Авиакомпания Қазақстан Республикасының 4000 қажысын 10.06.2023 жыл мен 20.06.2023 жыл аралығында А нүктесінен Б нүктесіне жеткізуге және 03.07.2023 жыл мен 13.07.2023 жыл аралығында Б нүктесінен А нүктесіне жеткізетін ұшақ борттары жайлы мәлімет ұсыну қажет.

Оқи отырыңыз: ҚМДБ қажылыққа баратын азаматтарды алдын ала оқытуды жоспарлап отыр


Құжаттар 2 наурыздан 7 наурызға дейін hajj@muftyat.kz поштасына қабылданады. Көрсетілген мерзім аралығында құжаттарын тапсырмаған әуе компаниясының ұсыныстары қаралмайды.