Қажылық та, қаражат та жоқ: Астанада туристік компания атын жамылған алаяқ 2,2 млн теңге жинап алған
Астана қаласында туристік компанияда жұмыс істеген 27 жастағы ер адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті өзін туристік компания қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға Мекке қаласына қажылық сапарын ұйымдастырып беремін деп уәде берген.
"Ол жолдама, виза рәсімдеу және әуе билеттерін алып беру сылтауымен алдын ала ақша жинаған. Алайда уәде етілген қызметтер орындалмаған. Қазіргі уақытта 13 эпизод анықталып, келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 2,2 млн теңгені құрады. Тергеу барысында жәбірленушілер саны артуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Читайте также: ҚМДБ қазақстандықтарды қажылыққа апаратын туроператорлар мен агенттердің тізімін жария етті
Құзырлы органдар күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.