Қажылық – 2026: Қазақстандықтарды Меккеге қандай туристік компаниялар апарады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыру бойынша туроператорлардың арасында өткізген байқаудың қорытындысын жария етті.
Операторларды іріктеуде комиссия "Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу" туралы ҚМДБ ережесін басшылыққа алған.
Барлығы 20 туркомпания құжат өткізсе, олардың тек 14-і ғана байқауға жіберілді. Қалған 6 туркомпания ішінде 1 туркомпанияның лицензиясы ҚР туристік қызметі туралы заңының 27-3-бабының 1-тармағына сәйкес келмеді. Сонымен қатар 2 туроператордың тәжірибесі 5 жылға толмағаны үшін, 3 туроператор конкурсқа қатысудың басты талаптарына сай келмеуі себебінен конкурсқа жіберілмеді.
"Туроператорлардан келген өтініштер мен талап етілген құжаттар ортаға салынып, әрқайсысы мұқият қаралды. Комиссия мүшелері жоғарыдағы ережеге сүйене отырып туроператорларды балдық жүйемен бағалап қажылық орындарын бөлді. Қолданыстағы "Діни туризм саласында туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын" негізге алып 2026 жылғы қажылық маусымына қажылық орындары бөлінген туроператорлар тізімі уәкілетті органға таныстырылды", – делінген ҚМДБ хабарламасында.