Қазақстанның жаңа үлгідегі дипломдары Ресейде неге жарамай жатыр?
ЖОО түлектерінің көрші елде екінші жоғары білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ.Жас мамандардың ата-анасы Қазақстан дипломдарының Ресейде жарамайтынына наразы. Мәселе жоғары оқу орындары былтырдан бері беріп жатқан "өзіндік үлгідегі дипломдарда" болып отыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Өткен жылдан бастап Қазақстан ЖОО-лары мемлекеттік дипломның орнына өзінікін бере бастады.
Құзырлы министрлік мамандары мұндай өзгерістің университет арасындағы бәсекелестікті арттырып, сапалы мамандар әзірлеуге көмегіy тигізетініне сенімді. Алайда, бұл дипломдардың Ресей стандартына сай келмейтіні анықталды. Түлектер екінші жоғары білім ала алмайды және жұмысқа орналаса алмайды.
Ақпаратты Ресей профессорлары да растады. Бұл жағдайда қазақстандық студенттердің "нострификация" процедурасынан өтуі керегін айтып отыр.
"Лицензия тек мемлекеттік үлгідегі дипломдарға жарайды. Бізде талаптар өзгерді, мұндай үлгідегі дипломдар жарамсыз болуы мүмкін", – деді Ресей профессоры Артем Козлов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда магистранттардың небәрі 8 пайызы ғана ғылымға бет бұрады
Қазақстанның ғылым министрлігіндегілер өзіндік үлгідегі дипломдар мен мемлекеттік дипломдардың пара-пар екеніне сенімді. Тек түсі мен формасы өзгерген, әр университеттікі әртүрлі.
"ТМД елдері арасында еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім бар, онда мемлекеттік тапсырыс құжаттары да мойындалады. Ұлттық заңнамада өзіндік үлгідегі дипломдар туралы заң қарастырылған және ол балама құжат болғандықтан, бірден мақұлдануы тиіс. Бірақ тағы бір мәселе – дұрыс түсіндірмей тұрған болуы мүмкін", – деді ғылым және жоғары білім министрлігі департамент директорының орынбасары Бану Нарбекова.
Қазақстандық сарапшылар арада түсінбестік болмас үшін биыл ресейлік мамандармен конференция мен семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда педагог-ассистенттердің саны екі есе артты