Қазақстанның тұрғын үй нарығына беларусьтық жаңа стартап келуі мүмкін
Алматыда "Құрылыс пен дизайндағы AI" практикалық конференциясы аясында беларустың жаңа стартап – "Вижу дом" қосымшасы таныстырылды. Жобаның негізін қалаған Антон Кузьминых пен Элеонора Калинина қолданушылар жаңа сатып алған пәтерінің болашақ дизайнын көруі үшін оны мобильді қосымша арқылы сканерлеу жеткілікті екенін айтады.
Олардың түсіндіруінше, "Вижу дом" – бірнеше минуттың ішінде интерьердің жекелендірілген дизайн-жобаларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін AI-қосымша. Ол жасанды интеллект алгоритмдерінің негізінде жұмыс істейді және кеңістіктің параметрлерін, пайдаланушының жеке қалауы мен жергілікті нарықтағы қолжетімді материалдарды ескере отырып, 3D-визуализацияларды автоматты түрде жасайды.
Жаңа сервис компьютерлік көру және машиналық оқыту технологияларына негізделген: пайдаланушыға смартфон камерасы арқылы бөлмені сканерлеу жеткілікті, содан кейін жүйе пайдаланушының өмір салты мен кеңістікке қойылатын талаптарды ескере отырып, визуалды нәтиже қалыптастырады.
"Біздің деректерімізге сәйкес, бүгінде клиенттердің 65%-дан астамы құрылыс пен интерьер шешімдерін смартфон арқылы іздейді. Сондықтан бизнес үшін таңдаудан шешім қабылдауға дейінгі жолды қысқартатын цифрлық құралдарды ұсыну маңызды", – деп атап өтті Элеонора Калинина.
Платформа жөндеу жұмыстары басталмай тұрып интерьердің соңғы көрінісін алдын ала көруге, келісу процестерін жеделдетуге және түзетулер санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.