Қазақстандық балаларға арналған "Әл-Жәбрдің атасы" математикалық журналы өзбек тілінде жарық көрді. Басылымды шығарушы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, журналға шет мемлекеттер тарапынан қызығушылық жоғары.

Ғалымның түсіндіруінше, "Әл-Жәбр" алгебра дегенді білдіреді, ал оның негізін қалаушы – осыдан 1200 жылдай бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген Әл-Хорезми. 

"Біздің мақсат – ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі – Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөзі қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон,теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады", – деді Асқар Жұмаділдаев. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев

Оқи отырыңыз: Неге оқушылар 5-сыныптан соң математикадан нашарлап кетеді? Есеп тренажерінің авторымен сұхбат


Басылым негізінен балаларға арналған. Мазмұны математика жайлы болғанымен, басқа да салаларды қамтиды. Орта және жоғары буын оқушыларының "Тай жарысы", "Құнан жарысы" және мектеп ұстаздарының "Дөнен жарысы" атты олимпиадалық тапсырмалар тарауы бар. 

"Бұл журналдың өзбек тілінде жарық көруін қазақ-өзбек ғалымдары арасындағы өзара ынтымақтастық пен достықтың жарқын көрінісі деп айтуға болады. "Әл-Жәбірдің атасы" журналының шығуына екі елдің ғылым академиялары, тиісті министрліктері мен жас ғалымдары қызығушылық білдірді, үлес қосты. Алдағы уақытта оның мазмұны тереңдеп, оқырманын жаңа біліммен сусындатады деген үміттеміз", – деп атап өтті Өзбекстан Ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Гүлсанам Тиллаева. 

Өзбек тілінде жарық көрген "Әл-Жәбрдің атасы" математикалық журналы