Тікелей эфир

Неге оқушылар 5-сыныптан соң математикадан нашарлап кетеді? Есеп тренажерінің авторымен сұхбат

Математик Асқар Болат оқушыларды ақшалай сыйақы беру арқылы ынталандыруды ұсынады.

Математиканы оқытатын Qalan.kz  платформасының негізін қалаушы, математика пәнінің мұғалімі Асқар Болат осы пәнді қалай жетік меңгеруге болатынын әңгімеледі.  

– Асқар, сізді математика пәнінің мұғалімі, математиканы тереңдетіп оқытатын Qalan.kz  платформасының авторы ретінде білеміз. Осы пәнді жаңа технологиямен оқыту әдістемесін бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатыр екенсіз. Бұл пәнге құштарлық қай кезден басталды?   

– Менің Болат атам математик болған. Ол кісі бірінші сыныпқа барған кезімнен бастап көбейту кестесін үйретіп, есеп шығаруға деген қызығушылығымды оятты. Содан іліп алып кеттім. Оған қоса бастауыш сыныптағы мұғалімім Әлима Аманшаева апайымның арқасында математика пәнінің мықты іргетасы қаланды. Мектептегі білікті ұстаздар қабілетімді жетілдіріп, математикаға деген сүйіспеншілігімді күшейтті. Осылай математикаға түбегейлі келдім.     

– Есеп шығару туабітті қасиет пе әлде жүре келе дамытуға болатын қабілет пе?  

– Кез келген баладан математиканы орта деңгейде, стандартты түрде білетін оқушы дайындап шығаруға болады. Бұл жүре келе қалыптасады. Ал Асқар Жұмаділдаев секілді талантты математик болу үшін бойыңызда туа біткен қасиет болуы керек. Бірақ тек қабілетті болу жеткіліксіз, табанды еңбек керек. Біз Qalan.kz платформасын ашқанда кез келген баладан математик дайындап шығару деген мақсатымыз болған. Кейін тәжірибе жинақтай келе түсінгенім – бойында қабілеті мен пәнге сүйіспеншілігі бар баланы ғана талантты математик етіп шығаруға болады. Кез келген ақыл есі сау бала стандарт математиканы меңгере алады. 

– Математиканы тез меңгеріп алуға бола ма? Оны жетік білу қазіргі заманғы адамның өміріне қалай әсер етеді? Жалпы бұл пәннің пайдасы неде?  

– Ең алдымен, математика сізге не үшін керек деген сұраққа жауап беріп көріңіз. Осы сұрақты мен оқушыларға да қойып көрдім. Ең қызығы, біздің қоғамда ақша санай алсаң болды, есептің не керегі бар деген көзқарас бар екен. Болмаса "Мен болашақта журналист боламын, маған синус-косинус керек емес" дегендер де болды. Бірақ, қоғам бір нәрсені түсінуі керек. "Математика – ғылымдар атасы" деп бекер айтылмаған. Барлық білім-ғылымның негізі, іргетасы математика арқылы қалыптасады. Математика арқылы ми шынығады. Мысалы, денені шынықтыру үшін гір тасын көтереміз, математика дәл сол сияқты миды жаттықтырады. Миы жақсы жұмыс істейтін адам қай салаға барса да, ең мықты маман болады. Тіпті журналист болса да, ең мықты журналист болып шығады. 

Математикамен бастауыш сыныптан бастап дос болған баланың есте сақтау қабілеті жақсарады, жаңа нәрсені тез үйрену, талдау қабілеті, логикасы, сыни ойлауы, ақпаратты тез қабылдауы жақсы дамиды. Қаржылық және цифрлы тұрғыдан сауатты  болады. Мектеп бітірген соң жаңа технологиялар (ІТ) секілді заманауи,  жалақысы жоғары мамандықтарға оқуға түсе алады. Тіпті қазір маркетинг, дизайн, журналистиканың өзі цифрлы форматқа өтіп жатыр. Яғни математика еңбек нарығында сұранысқа ие және жоғары еңбекақы алатын маман болуға мол мүмкіндік береді. Цифрлы әлемде өзін суда жүзген балықтай сезінеді.   


Оқи отырыңыз: Бала үшін жеке мектеп дұрыс па, мемлекеттік мектеп дұрыс па?


– Математикалық қабілет бизнесте қалай көмектеседі?     

– Менің математикалық қабілетім бизнес жүргізуге тікелей көмектесетінін айтқым келеді. Мәселен бизнесте әртүрлі қиындықтар кездеседі. Мен кез келген проблемаға есеп сияқты қарап, оның шешу жолдарын іздеймін. Әртүрлі формуламен, неше түрлі амалын ойластырамын. Сөйтіп соңында ең тура шешімін табамын.     

– Сіз негізін қалаған онлайн платформа математиканы қалай үйретеді? Басқа платформалардан айырмашылығы неде?    

– Бала тақырыпты жақсы түсінгенмен, тәжірибе болмаса, жақсы математик бола алмайды. Ең негізгі әдісіміз диагностика жүргізу. Баланың қай тақырыпта қалып қойғанын анықтау. Сол арқылы бағыттамалы тапсырмалар беріледі. Екінші әдісіміз – персоналды оқыту – ұмытып қалған тақырыптары бойынша қосымша есептер беріп отырамыз.  Қазіргі сынып бағдарламасымен қатар алып жүру мүмкіндігі беріледі. Яғни біз іс жүзінде көбірек есеп шығартуға көңіл бөлеміз. Егер есепті шығара алмаса, шешуін көре алады. Егер одан да түсінбесе, видео түсіндірмені қарай алады. Осылар көмектесе алмаса, мұғалімге хабарласып, онлайн көмек сұрай алады. Айып есебін алған жағдайда, платформа сол тақырыпты есте сақтап, кейін қайталап беріп отырады. Әйтпесе бала ұмытып қалуы мүмкін.

"Қайталау – білім анасы" деген сөз болушы еді ғой. Біз дәл сол қағиданы басшылыққа аламыз. Бұл тек математикаға қатысты емес, кез келген білімді, басқа тілді дұрыс меңгеріп, кейін қайталау арқылы тез меңгеруге болады. Бұл біріншіден, жеңіл, екіншіден, әдет қалыптасады. Біздің платформада есепті үйретудің алгоритмі қайталауға негізделген. Яғни, біз күніне 20 есеп береміз, соңына дейін шығарса жеткілікті. Осыны әдетке айналдырып алған біздің балалар оны басқа пәндерде де қолданады.

Есеп шығаруды үйренудің тағы бір жолы – білмейтін тақырыпқа қайта оралу. Өкінішке қарай, біздің мектептер баланың меңгермей қалған тақырыбын түсіндіруге көңіл бөлмейді. Мұғалім қаншалықты білікті болғанымен, сыныптағы бүкіл баланың кенжелеп қалған тақырыбын түсіндіруге 40 минут жетпейді. Сондықтан жаңа технологиялар, гибридті оқыту жүйесі осы мәселені шешуге көмектесе алады.  

– Математиканы портал арқылы қанша уақытта меңгеріп шығуға болады? Мерзімін белгілеу мүмкін бе?  

– Негізі кез келген білімді тез үйрену, 30 күнде ағылшынша сөйлеп кету немесе 20 күнде математиканы жаңғақша шағу деген бос әңгіме. Себебі еш  нәрсе тез бола қалмайды. Өзімнің де математик болуыма 11 жылдық мектеп білімі, жүйелі жұмыс істеуім, қабілетімді үздіксіз жетілдіру себеп болды.  Бізге ата-аналар келіп, аз уақытта балаға есеп шығаруды үйрет дейді. Алайда 8 сыныпта оқитын бала 5-сыныптың бағдарламасынан қалып қойған болса, біз оны қалайша қысқа мерзімде миына құйып жібереміз? Өкінішке қарай, қазір маркетинг деп көбі осындай жалаң уәде беруге құмар. Мен өз ісімде оған жол бермеймін. Өйткені, бұған жылдам қол жеткізу мүмкін емес. "Білім – инемен құдық қазғандай" деп бекер айтылмаған.    

– Қазір баланың назарын ұстап тұру қиын. Гаджеттер, интернет, әлеуметтік желі – барлығы баланың көңілін басқа жаққа аударып жатыр. Ал математика – тыңғылықты жұмыс істеуді талап ететін пән. Осы мәселені қалай шештіңіздер?       

– Біздің өз әдіс-тәсіліміз бар. Жүйеде 30 күнге есеп беріледі. Оны орындамай қоюға болмайды, қателессе де, қосымша есеп берілсе де, соңына дейін жеткізу керек. Соңына дейін жеткізген балаға 100 теңге тағайындадық. Күнделікті тапсырманы соңына дейін жеткізген балаға ақшалай сыйлық беріледі. Мұндай кішігірім ақшалай сыйлық баланы есепті жылдам әрі дұрыс шығаруға ынталандырады. Жүйе әділетті болуы үшін сыйлық қорын құрдық. Мысалы, 100 баланың елуі есепті соңына дейін шығарса, өзіне де, орындамағандарға да тағайындалған ақша үздіктерге үлестіріледі. Бұл балаға екі жақты мотивация беріп, күнделікті есебін шығаруға әрі ақша табуға ынталандырды. Бұл жүйе балаларға қатты ұнайды. Осы күнге дейін 110 миллион теңге кэшбек бердік.   

– Балам есепке жүйрік болса деген ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? 

– Мектепте мұғалім боп жүргенде байқағаным, бізде баланың 5 сыныпқа дейін математикасы жақсы болады да, 5 сыныптан кейін құлдырай бастайды. Бастауышта бір мұғалімге үйренген көптеген бала назары шашырай бастайды, ал кейбір ата-ана баласы өскен сайын қадағалауды азайтады. Жасөспірім баланың физиологиялық ерекшеліктері байқалатын кез болғандықтан, ата-ана да, мұғалім де оқушыға көбірек көңіл бөліп, бірлесіп жұмыс істеуге ұмтылуы керек. 

Жауапкершілікті мұғалімге артып қояды. Оның үстіне жасөспірімдік кезеңде балалардың бойында өзгерістер басталады. Бұл жаста ата-ана да, мұғалім де көбірек көңіл бөліп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Қадағалау дегеніміз үш жақты жұмыс: мұғалім, яғни ментор, ата-ана және оқушы. Біз осы үш жақты жұмыстың арқасында оқушының күнделікті үй жұмысын орындау көрсеткішін 85 пайызға дейін жеткіздік. Бастапқыда 80 пайыз болатын. Біздің ендігі мақсатымыз – 100 пайызға мейлінше жақындату. Бұл балалардың болашағы үшін, қабілетін шыңдау үшін қажет. Математиканы оқыту – баланың болашағына салынған тиімді инвестиция екенін әр ата-ана түсінсе дейміз. 


Оқи отырыңыз: Мектеп кітапханалары ертегі, аңыз, батырлар жыры кітаптарымен толығады


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары